Өскемен халықаралық әуежайында L-410 көп мақсатты су жаңа ұшақты таныстыру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ директоры Нұрлан Дүйсебаев қатысты. Заманауи L-410 ұшағы өңірдегі төтенше жағдайлар қызметі авиациясының мүмкіндігін едәуір кеңейтпек.

Кейбір елді мекендерге жол талғамайтын көлікпен жетудің өзі қиын. Сол үшін де біздің аймаққа мұндай ұшақтың маңызы зор. Шығыстағы құтқарушыларының қызмет сапасы енді едәуір жақсара түсті. Өңірге берілген L-410 деп аталатын бұл әуе кемесі шалғай жатқан аймақтарға жедел жету үшін таптырмас көмек. Ұшақ 2,5 мың шақырымға дейін ұша алады. Оның сыйымдылығы – 19 жолаушыны құрайды. Бұдан бөлек, 2 тонна жүкке дейін алып жүруге мүмкіндігі бар. Ал, ең жоғары көтерілу биіктігі – 6 мың метр. Жаңа әуе техникасымен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов танысты. Өңір басшысына ұшақтың жабдықталуы мен техникалық мүмкіндіктері көрсетілді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Соңғы екі жылда өңірде жедел құтқару жұмыстарын жүргізу және орман мен дала өрттерін сөндіру үшін 200-ге жуық арнайы техника пайдалануға берілді. Олардың жалпы құны шамамен 7 миллиард теңгені құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Материалдық-техникалық базаны нығайту, тұрақты дайындықты қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету — азаматтық қорғау жүйесінің басты міндеттерінің бірі.

Айта кетейік, бұл – облысқа берілген осындай төртінші әуе кемесі. Өңірдегі ТЖД басшысы Рашид Бляловтың айтуынша, жаңа техника жер бедері күрделі аймақтарда жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.

Рашид Блялов, ШҚО ТЖД бастығы:

Біздің қызметке L-410 ұшағы қосылды. Бұл — сенімді әрі көп мақсатқа қолданылатын әуе кемесі. Ұшақ ауа райытосын мінез танытқан уақытта және күрделі жер бедері жағдайында да жұмыс істей алады. Өңіріміздің ерекшелігін ескерсек, мұндай техниканың маңызы зор. Ол төтенше жағдайларға жедел әрекет етіп, құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

L-410 ұшағы өңірдегі төтенше жағдай қызметі үшін өте қажет. Ол құтқару жұмыстарын жылдам әрі тиімді жүргізуге көмектеседі. Қазіргі таңда ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы базасында авиациялық бөлімшелерді дамыту жұмыстары да қолға алынған.

Фатима Тілейханқызы