Үлкен Нарын ауданында «ALTAI» телеарнасының шығармашылық тобы оқушыларға шеберлік сағатын өткізді. Кездесу барысында жас өрендер журналистиканың қыр-сырымен танысып, ақпарат жинау мен сұхбат алудың негізгі тәсілдерін меңгерді.
1970 жылы қолданысқа берілген Үлкен Нарын орта мектебінде 370 жуық оқушы білім алып, 45 ұстаз қызмет атқарады. Білім ордасы ауданның үздік мектептерінің бірі саналады. Жас шәкірттердің заман талабына сай сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Ғалия Досқанина, Үлкен Нарын орта мектебінің директоры:
Біздің мектепте арнайы жабдықталған 23 кабинет бар. Оның ішінде телестудия, аспаздық кабинеті және түрлі қосымша іс-шараларды өткізуге арналған сыныптар қарастырылған. Бұл кабинеттер оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына үлкен мүмкіндік береді. Әр шәкірттің қабілетін ашып, дұрыс бағыт-бағдар беру - біздің басты мақсатымыз.
Мектепке арнайы келген «ALTAI» телеарнасының қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында телеарнадағы сюжеттердің дайындалу процесі, мәтін жазу тәртібі, монтаж жасау және тікелей эфирдің ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Оқушылар белсенді қатысып, қызықтырған сұрақтарын қойды.
Медиасыныпта оқушалар жас ерекшеліктеріне қарай түрлі бағытта өз қабілеттерін шыңдайды.Ұстаздары бұл- ерте жастан маман даярлауға үлкен мүмкіндік екенін айтады.
Гүлшахарат Райымжанова, Үлкен Нарын орта мектебінің кәсіптік бағдар беруші педагогі:
Тәжірибелік сағатты өткізіп, өздеріңіздің тәжірибелеріңіз үйреткендеріңіз үшін сіздерге Алтай телеарнасына үлкен рақметімді айтқым келеді. Өйткені, бүгін оқушылар шын мәнінде тәжірибе ала алды. Жаңалықтардың қалай түсірілетінін оның қандай алгоритімнен тұратынын оның ішінде камерамен жұмыс істеу тәжірибелерін бәрін игерді деп ойлаймын. Біздің медиасыныбымыздың мүмкіндігі толықтай ашып көрсете алдыңыздар.
Мұндай шеберлік сағаттары оқушылардың медиаға қызығушылығын арттырып, шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына ықпал етеді.
Бекарыс Секен