Облыс орталығында PVE Labs жобасы аясында «Заң мен тәртіп: жасөспірім құқықтық кеңістікте және экстремизмнің алдын алу» атты жоба бастау алды. Шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, білім беру жүйесі, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, сарапшылар мен жастар қатысты. Жаңа жоба туралы тілшіміз баяндайды.

Кездесу барысында серіктестерге жобаның тұжырымдамасы, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері және жасөспірімдерге арналған алдағы көшпелі құқықтық лагерьлердің бағдарламасы таныстырылды. Арнайы лагерьде жасөспірімдер құқықтық сауаттылықпен қатар буллингке, агрессияға және қауіпті онлайн-қауымдастықтарға қалай қарсы тұру керектігін үйренеді.

Ольга Свириденко, Өскемен қ. «Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау көрсету» жеке қорының директоры:

Біз жасөспірімдер арасында экстремистік көріністердің алдын алуға бағытталған «Заң және тәртіп» жобасын таныстырып отырмыз. Жоба Германия тарапының қаржылық қолдауымен жүзеге асуда. Оның серіктестері қатарында білім, ішкі саясат басқармасы, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен полиция департаменті бар.

Жобаның басты ерекшелігі – көшпелі құқықтық лагерьлер. Онда жасөспірімдер прокурорлармен, ювеналды полиция қызметкерлерімен, психологтармен және бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тікелей кездесіп, пікір алмаса алады.

Кристина Якуба, «PREVECA» жобасының үйлестірушісі:

Біз жастармен белсенді жұмыс жүргіземіз. Сондықтан құқықтық ақпараттандыру жобасы өте маңызды бағыттардың бірі. Жастар өз құқықтары мен міндеттерін білуі керек. Мұндағы мақсат –құқықтық сауаттылықты арттыру. Яғни олар өз қаласында, өз өңірінде құқық бұзушылықтың алдын алуға өздері атсалысуы қажет. Біз әртүрлі әлеуметтік топтағы жастарды шақырып отырмыз. Себебі жобаның басты қағидаты – инклюзивтілік. Толық емес немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, көпбалалы отбасылардың балалары және қарапайым отбасылардан шыққан жасөспірімдер бірге қатысып, жастарды қандай да бір қауіптен сақтауға мүмкіндік береді.

Жоба облыс орталығынан бөлек, өңір аудандарын да қамтиды. Оның ішінде тәуекел тобына жататын жасөспірімдер де бар. Диалог пен интерактивті сабақтар арқылы жастардың заңға және қоғамдық тәртіпке деген құрметін қалыптастыру көзделген.

Фатима Тілейханқызы