Облыс орталығында еріктілер «Қаланың келбетін сақтайық» акциясы аясында «Сәулетай» саябағында сенбілік өткізді. Шараның мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, оған ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Бұдан бөлек, тұрғындарды экологиялық бастамаларға тарту.
«Қаланың келбетін сақтайық» акциясы аясында Өскемен қаласының еріктілері Славский жағалауы көшесіндегі қалалық саябақтардың бірінде сенбілік ұйымдастырды. Еріктілер балалар алаңын тазалап, демалыс аймағын ретке келтірді. Сонымен қатар алдағы уақытта да қаламыздың көркін жақсартып, сенбілік жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл аумақта 15 ерікті сенбілік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері.
Тұмар Уатханова, ерікті:
«Таза Қазақстан» акциясы бұл қаламыздың жастарына, тұрғындарына, экологиялық тазалықтың мәдениетін сақтауға шақыратын белгілі бір шаралардың бірі.
«Таза Қазақстан» акциясы аз уақыттың ішінде еліміздегі маңызды экологиялық бастамалардың біріне айналды. Бұл жоба қалалар мен ауылдардың келбетін жақсартып, оларды таза әрі жасыл аймаққа айналдырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде.
Аяулым Усинова