Облыс орталығында «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау мақсатында республикалық Graffity Battle фестивалі өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген 30 жас суретші мен шығармашылыққа жаны жақын жастар қатысты.

Фестивальге еліміздің 8 өңірінен келген 14 пен 35 жас аралығындағы жас суретшілер қатысты. Қатысушылар заңдылық, қоғамдық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және белсенді өмірлік ұстаным тақырыптарын арқау еткен авторлық граффити жұмыстарын ұсынды. Назым Берінқызы Маңғыстау облысынан келген. Ол өзінің туындысы арқылы жастарға ой салғысы келеді.

Назым Берінқызы, Республикалық «Graffity Battle» фестиваліне қатысушы (Маңғыстау облысы):

Менің граффитиімде Есірткіге жол жоқ сөзі жазылып тұр. Бұл жазу бүгінгі тақырыпты өте керемет ашады деп ойлаймын. Жастар осы жазуға қарап, өздерін ойлап, өз болашақтарын ойлайды деп ойлаймын.

Қатысушыларға граффити жұмысын жасау үшін екі сағат беріледі. Уақыт аяқталғаннан кейін үздік жұмыстарды қазылар алқасы таңдайды.

Ольга Чавкина, Республикалық «Graffity Battle» фестивалінің қазылар алқасының мүшесі:

Біз ең алдымен жұмыстың жалпы композициясына, түс үйлесімділігіне және реңдік гармониясына назар аударамыз. Сонымен қатар туындының көркемдік тұрғыдан әсерлі болуы мен көтерген идеясының маңыздылығы да ескеріледі.

 «Graffity Battle» фестивалі аясында жас суретшілер өз қиялдарына ерік беріп, қабырғаға салынған туындылары арқылы өздерінің ішкі толғаныстарын жеткізді.

Айдос Әділбеков, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры:

Бұл жарысқа 30 астам қатысушымыз қатысып жатыр. Олар біздің ШҚО, Абай, Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Астана мен Шымкент қалаларынан қатысушылар. Жарысымыздың басты мақсаты Заң мен тәртіп қағидатын ілгерлендіру. Жастардың шығармашылығын дамыту.

Ұйымдастырушылар шара аясында барлық қатысушыға алғыс хаттар табыстап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар береді.