Өскеменде туған жердің тарихы мен тағылымын дәріптеген «Киелі – аңызға айналған өлке» атты облыстық жобалық жарыс өтті. Тамыры терең, тарихы шежіреге тұнған қасиетті шығыс өңірінің аңыздары мен киелі мекендерін жас ұрпақтың жүрегіне жеткізуді мақсат еткен жарысқа елін өз өңірін сүйетін нағыз патриоттар қатысты.
Жарыста жасөспірімдер туған өлкенің тарихы, аңыздары мен қасиетті орындарын кітап арқылы таныстырып, өзара бақ сынады. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, туған жерге деген құрмет пен рухани байланысты да айқын көрсете білді.
Жаңыл Ардақ, Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
Бұл жобаның бастапқы бір ерекшелігін атап өтсек, балалар кітапты өз қолымен жасайды. Енді атауы айтқандай киелі аңызға айналған өлке шығыс даламыздың киелі жерлеріне байланысты бес топ әр тақырыпты жербе арқылы бөліп алып, содан кітапша жасайды. Не аңыз не ертегі желісінде.
Тағылымды кеште оқушылардың ізденісі, шығармашылығы мен сахна мәдениеті көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ әділ қазы алқалары қатысушылардың табандылығына тәнті болып, өңірдегі аңыз адамдар мен қасиетті жерлердің тарихын дәріптеуіне өз ризашылықтарын білдірді.
Есенбол Нақтыбай, әділқазы алқасының мүшесі:
Оқушылар осы біздің өзіміздің шығысымыздағы мынау Мұзтаудан бастап, Қиынкеріш, Шығыстың жаңағы терең тамырлы табиғатын жерін бірінші жаңағы суретін салып, мәтін жазып оны бірігіп қорғайды. Бұл баланың ойлау, сөйлеу қабілетін сонымен бірге өзін көптің арасында ұстау қабілеттерін арттырады. Сондықтан оқушылар үшін туған жердің қадірін және оның тарихын елімізде бабалардың қандай кімдердің өткенін білуге өте жоғары ықпал етеді.
Бұдан бөлек, шарада рухты әндер шырқалып, бишілер мың бұрала өнер көрсетті. Ұйымдастырылған концерттік бағдарлама оқушыларға серпін сыйлап, олардың жеңіске деген жігерін жани түсті.
Толқын Жәлелқызы, жарысқа қатысушы:
Нөмірі 49 жалпы білім беретін мектептен келдім, біз осы жерде Бөрітастаған құз жартасын кішкентай комикс ретінде кітапшаға салдық.