Облыс орталығында «MinTech-2026» халықаралық өнеркәсіптік технологиялар мен жабдықтар көрмесі өтіп жатыр. Шара Қазақстан мен шетелден келген 40-тан астам компанияны бір алаңға тоғыстырды. Көрмеге өндірістік кәсіпорындар, жабдық жеткізушілер, инженерлер, технологтар, жобалаушылар мен сарапшылар қатысып, өндірістегі нақты міндеттерді шешуге бағытталған тәжірибелерді алмасуда.

Көрменің тақырыптық бөлімдері тау-кен металлургия кешені, машина жасау, металлургия, дәнекерлеу технологиялары, энергетика, автоматтандыру, цифрландыру, инженерлік инфрақұрылым және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларын қамтиды. Көрме қатысушыларға заманауи технологиялармен танысып қана қоймай, оларды өңір кәсіпорындарында қолдану мүмкіндіктерін тікелей асыруға мүмкіндік берді.

Юрий Савостьянов, Қауіпсіздік жүйелерін жобалау компаниясының бас конструкторы:

Біз қауіпсіздік жүйелерімен айналысамыз. Яғни жобалаудан бастап, орнату мен қызмет көрсетуге дейін толық қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар, өзіміздің бағдарламалық өнімімізді жасадық. Ол жүйелердің қазіргі жағдайын жылдам анықтап, алынған деректерді нысанның цифрлық паспортына енгізуге мүмкіндік береді. Сол арқылы объектідегі барлық жүйелердің жай-күйін бақылап отырамыз. Оны адамның медициналық кітапшасымен салыстыруға болады. Көрмеге келудегі мақсатымыз – жаңа серіктестер тауып, ынтымақтастық орнату.

Көрме өңір кәсіпорындарына өндірісті жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жетілдіру және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Нұржан Төремұратов, «MinTech» көрмесінің жетекшісі:

Жоба дамудың жаңа кезеңіне өтуде. Алдағы уақытта экспозицияны кеңейтіп, салалық сарапшыларды, халықаралық компаниялар мен технологиялық жеткізушілерді көбірек тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, іскерлік бағдарлама да күшейтіледі. Бұл Шығыс Қазақстандағы өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін көрменің практикалық маңызын арттыра түседі.

Бүгінде өнеркәсіп саласының алдында өндірісті жаңғырту, тиімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру және инженерлік құзыреттерді дамыту сияқты маңызды міндеттер тұр. Сондықтан, мұндай көрменің өткізілуі елдің жетекші өндірістік өңірлерінің бірі саналатын Шығыс Қазақстан үшін ерекше маңызды. Көрме аясында іскерлік бағдарламаға ерекше көңіл бөлінеді. Оның тізімінде 15 оқыту сессиясы бар. Бағдарламаның тәжірибелік бөлімінде мамандар энергетикалық жүйелердің автоматтандырылуы, инженерлік инфрақұрылымды басқару және 3D-сканерлеу бағыттары бойынша оқытылады.

Альфия Илаева, «MinTech-2026» көрмесінің іскерлік бағдарламалар жетекшісі:

Екі күндік бағдарлама аясында өндіріс орындарына арналған бірқатар технологиялық шешімдерді ұсынамыз. Алғашқы күні «Инновацияларды енгізу» атты панельдік сессия өтеді. Оның аясында технология, ІТ және Smart City бағыттары бойынша бірнеше секция ұйымдастырылады.

Осындай шараларды ұйымдастыру – өнеркәсіптік базаны дамыту, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Исатай Аңсат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

Ұсынылған шешімдердің барлығы қазіргі заман талабына сай. Әсіресе, жасанды интеллект пен бағдарламалық өнімдерді дамыту тұрғысынан маңызды. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар тарапынан мұндай бастамаларды қолдауға дайынбыз. Қазір енгізіліп жатқан технологиялар өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін өте маңызды. Мысалы, жасанды интеллект, түрлі датчиктер мен ақпараттық жүйелерді қолдану өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу, автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларын қолдану – өңір өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі.

Фатима Тілейханқызы