Облыстағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Ұлан» көлік-логистикалық кешенін іске асыру басталады. Жаңа кешен Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінің маңында, «Алматы – Өскемен» автожолы мен теміржол желісінің қиылысында салынады. «Dosjan temir joly»АҚ компаниясының бастамасы Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына енгізілген. Жаңа нысан өңір экономикасының маңызды бағытына айналып, Шығыс Қазақстан облысының транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға сеп болмақ.

18 гектардан асатын аумақта контейнерлік терминал, «A» және «A+» санатындағы қоймалар, теміржол және кеден инфрақұрылымы, жүк сақтау және шоғырландыру аймақтары орналастырылады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бір мезетте 25 мың тонна дәнді дақылдар, он мың тонна майлы дақылдарды сақтауға мүмкіндік бар. Уақытша сақтай отырып, әрмен қарай экспорттық транзиттік әлеуетті пайдалана отырып, үлкен үлкен жұмыстарды жүргізеді деп күтіп отырмыз.

Кешенді іске асыру өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның қуаттылығы жылына шамамен 895 мың тонна жүкке жететінін, ал контейнерлік терминал жыл сайын 32 мыңнан астам контейнерді өңдей алатынын атап өтті

Нұрлан Сақ, «Dosjan temir joly»АҚ басқарма төрағасы:

Мәселе мынада, бұл жоба ұзақ уақыт бойы жан-жақты зерттелді. Өңірдің логистикалық және транзиттік әлеуетін зерделеу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, сол зерттеулердің нәтижесінде аталған жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Негізінде, бұл жоба — Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауындағы контейнерлік тасымал көлемін арттыру және мультимодальды инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалардың заңды жалғасы.

Жоба маңында болашақ ЖЭО құрылысына арналған алаңның орналасуы оның маңызын одан әрі арттыра түседі. Бұл кешен жабдықтар, құрылыс материалдарын жеткізу және ірі индустриялық жобаларға қызмет көрсету базасы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Әсет Қазиев, «DTJ COMMERCE» ЖШС директоры:

Біз құрылысы келесі жылдың ортасында аяқталады деп жоспарланған жобаның басталуына куә болып отырмыз. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша толыққанды теміржол инфрақұрылымы, контейнерлік терминал және кедендік рәсімдер жүргізуге арналған аймақ пайдалануға беріледі. Мұның барлығы келесі жылдан бастап қолжетімді болады.

Компания өкілдерінің айтуынша, «Ұлан» көлік-логистикалық кешені өңірдің экономикалық өсімінің нүктесіне айналып, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, аймаққа инвестиция тартуға жол ашады.

Нұрдәулет Қалибеков