Облыстық драма және оперетта театрының орыс труппасының 90 жылдығына орай жаңа қойылым көрерменге жол тартты. Итальян драматургі Карло Гольдонидің «Кьоджиндік қақтығыстар» лирикалық комедиясы сахналанды. Қойылымды Мәскеуден арнайы шақырылған режиссер Ильдар Хуснуллин ұсынды.

Бұл қойылым адамдар арасындағы қарым-қатынас пен махаббат тақырыптарын арқау еткен лирикалық комедия. Шығармада қарапайым адамдардың тағдырын, өмірде кездесетін қиындықтардан шығу жолын көркем түрде бейнелейді. Жаңа спектакль режиссері Ильдар Хуснуллин үшін бұл маңызды тәжірибе болды. Себебі, екі бөлімнен тұратын, басты кейіпкері жоқ, бірақ әрбір образ оқиғаның өрбуіне тікелей әсер ететін күрделі туынды.

Ильдар Хуснуллин, қоюшы-режиссер (Мәскеу қ.):

Бұл қойылымға үлкен ынтамен кірістім. Өйткені шығарма бір жағынан классикалық комедияның дәстүрін сақтаса, екінші жағынан заманауи сахналық шешімдермен толықтырылған. Басты мақсат - көрерменге жеңіл атмосфера сыйлап, бір сәт демалту, күлкі арқылы көңілін көтеру, сонымен қатар өмірлік мәні бар ойларға жетелеу. Қойылымның тағы бір ерекшеліктерінің бірі - барлық музыканың жанды дауыста орындалуы. Бұл спектакльге ерекше эмоция берді.

Карло Гольдони шығармалары әлем сахналарына кеңінен танымал. Бұл туынды да уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнмен үндесіп отыр. XVIII ғасырда жазылғанымен, көтерген тақырыптары әлі де өзектілігін жоғалтпаған.

Анна Бовина, қоюшы-суретші (Мәскеу қ.):

Бұған дейін біз басқа спектакльмен жұмыс істеп, суық өңірлерді араладық. Бұл жолы жылы әрі мазмұнды материалмен жұмыс істеу біз үшін ерекше тәжірибе болды. Соның нәтижесінде сахнада шынайы атмосфера қалыптастыруға мүмкіндік туды. Біздің басты ұстанымымыз ішкі жан дүниені толғандырған тақырыптарды көрерменге әсерлі түрде жеткізу.

Бұл пьеса орыс труппасының шығармашылық келбетін аша түсті. Себебі, қойылым арқылы ұжымның көп жылдық тарихы, сахнадағы тәжірибесі және актерлер арасындағы өзара байланыс көрініс тапты.

Татьяна Воронина, облыстық драма және оперетта театрының актрисасы:

Біз бұл театрда 1993 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Театр өте мықты, труппа берік, ұжымымыз да тату, барлығымыз бір отбасыдай болып кеткенбіз. Бұл спектакльдің барлығы да өзіміз туралы деуге болады. Ильдар Хуснуллин да бізге ештеңені жасанды ойнаудың қажеті жоқ, өмірдегідей шынайы болу керек екенін айтты.

Жаңа қойылым көрерменнің көңілінен шығып, актерлер халықтың ыстық ілтипатына бөленді.

Бекарыс Секен