Өңірде «Халық бухгалтері» акциясы осы жылдың 5 қаңтарынан бастап іске қосылған. Жыл басынан бері бұл жоба аясында екі мыңнан астам азамат мамандардың көмегіне жүгінген. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері салықтық есептіліктегі жаңашылдықтар туралы да баяндады.
«Халық бухгалтері» акциясы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне салық кодексінің нормаларын түсіндіру, арнайы салық режимдеріне көшу тәртібі, салықтық және бухгалтерлік есеп тапсыру, сондай-ақ ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу бойынша кеңес беру мақсатында ұйымдастырылған. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жоба 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.
Қазбек Қойшынов, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
Өскеменде бұл акция Назарбаев даңғылы 86 мекенжайында, Мемлекеттік кірістер басқармасының 3-қабатындағы қызмет көрсету орталығында аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі. Акцияға тәжірибелі мемлекеттік кірістер органдарының мамандары мен кәсіби бухгалтерлер, «Учет.кз», Бухгалтерлер мен аудиторлар альянсының өкілдері қатысуда. 2026 жылдың 5 қаңтарынан бері 2000-нан астам салық төлеуші келіп, арнайы салық режимдері, көшу тәртібі, ҚҚС бойынша тіркеу және есептен шығу, мобильді аударымдар, мобильді қосымшалар мен ақпараттық жүйелердің жұмысы, сондай-ақ салық және бухгалтерлік есептілік бойынша кеңес алды. Келушілердің басым бөлігі акцияға оң пікір қалдырған.
Сонымен қатар, департамент өкілдері салық есептілігіндегі жаңашылдықтар, мобильді аударымдар және салық салу тәртібі туралы да түсіндірді.
Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
Ең бірінші не өзгерді десек? Ол бірінші – есептілік саны қысқарды. Салық есептілігі сандары 30 пайызға дейін қысқартылып, бұрынғы 39-дан 28 сан ғана қалды. Қайталанатын ақпарат қысқарды. Екіншіден, электрондырылған есептілікке басымдық беріледі. .. бұл адам факторынан туындайтын қателерді азайтады.
Мамандардың айтуынша, барлық өзгерістер мен осы сынды акциялардың мақсаты – салық жүйесін кәсіпкерлер мен азаматтар үшін барынша түсінікті әрі қолайлы ету.
Фатима Тілейханқызы