Мұсылман қауымының ұлық мерекелерінің бірі Құрбан айт жақындап қалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кестесіне сәйкес, биыл Құрбан айт 27 мамырға сәйкес келеді. Дәстүр бойынша мереке үш күн - 27-29 мамыр аралығында атап өтіледі. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында алдағы мерекеге дайындық барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Кездесуге дін саласының мамандары, ветеринариялық қызмет өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Жиын барысында құрбандық шалу рәсімдерін ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарын сақтау және қайырымдылық шараларын үйлестіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Спикерлердің айтуынша, мереке күндері өңірде құрбандық шалуға арналған арнайы орындар белгіленіп, онда санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болады.

Ерболат Ошақбаев, облыстық Дін істері басқармасының басшысы:

Құрбан шалу орындарын анықтау, және оны бекіту өте қажет дүние қазіргі кезде. Кейбіреулері өздерінің қораларының алдында, үйлерінің алдында, басқа жерлерге де шалуға тырысады. Сондықтан тікелей эфирді пайдаланып, тұрғындарға айтқымыз келетіні белгіленген тәртіппен қалалар мен аудандарда 13 орын белгілінген. Барлық қалалар мен аудандарда бар.

Биыл 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де облыстағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, мерекелік шаралар үш күнге жалғасады. Қалада негізгі шаралар Халифа Алтай мешіті маңында өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, қоғамдық сауда орындары ұйымдастырылады.

Қанат Тұрдиев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

Қай жағдайда сойылмасын, міндетті түрде температуралық режим сақталуы қажет. Малды соя салып, бірден таратып жібермейміз, міндетті түрде белгілі бір уақытта тұрады.

Баспасөз мәслихатында құрбандық шалудың діни шарттары да түсіндірілді. Имамдар құрбандық шалу – тек діни рәсім ғана емес, адамгершілік пен жанашырлықтың мерекесі екенін атап өтті. Құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету – мерекенің басты мақсатының бірі екені айтылды. Сонымен қатар, тұрғындарға ысырапқа жол бермей, бірлік пен татулықты нығайтуға үндеді.

Ерлік Ордабаев, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысының м.а:

Бұл жерде барлық ветеринарлық мамандар, лаборатория қызметкерлері басында болады. Сойылған малдардың барлығына мөр соғылады, лабораториялық тексеруден өткізіледі.

Құрбан айт мерекесі жақындаған сайын құрбандыққа шалынатын малға сұраныс артады. Осыған байланысты қоғамда бағаның негізсіз өсуіне алаңдаушылық күшейіп отыр. Мамандар мұндай жағдайда нарықты бақылауды күшейту қажет екенін айтты.

Аяулым Усинова