Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыста руханият саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар өнер майталмандары салтанатты түрде марапатталды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Табиғаты көркем, тағылымы терең ортада өткен салтанатты шарада облыс әкімі мәдениет саласының саңлақтарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы асыл мұраның жеткізіп жүрген сіздердің қызықта қөиын еңбектеріңізге ерекше құрмет көрсетеміз. Театр кітапхана музей мен мәдениет үйлері, барлығы да сіздердің жанашырлықтарыңыз бен адал қызметтеріңіздің арқаысында халықпен бірге жасап келеді. Сіздер елдің рухани өміріне сәуле сыйлап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп ұрпақтың бойына мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырып кележатырсыздар.

Салтанатты кеш барысында өңірдің мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлес қосып, халық ықыласына бөленген бірқатар азаматқа жоғары марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өнер иелері «Құрмет» орденімен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталып, оларға айрықша ықылас көрсетілді. Солардың қатарында тарихы тереңнен тамыр тартқан тұғырлы Тарбағатайдан шыққан айтыскер ақын Абаш Кәкеновтің ел алдындағы еңбегі еленіп, жоғары дәрежелі «Құрмет» орденімен құрметтелді.

Абаш Кәкенов, «Құрмет» орденінің иегері:

Енді мына алып жатқан төсбелгі бұл да жаңағы халықтың қолдауы мен алынған, халықтың сыйлағаны. Мынау елбасының жаңағы президентіміздің өзі арнайы құттықтап жатыр үлкен рақмет. Әлі де алар асуымыз болатын шығар. Болашақтан күдер үзбейміз, келешек жастарға жеңіс тілейміз рақмет бәрінің алған марапаты құтты болсын дендері сау болсын.

Бұл мереке тек марапаттау рәсімі ғана емес, ұлттық руханияттың қадірін ұлықтаған, кейінгі буынға өнеге болған тағылымды кеш ретінде көпшілік жадында қалды. Өнер адамдарына көрсетілген ілтипат — ел мәдениетіне деген құрметтің жарқын көрінісі болды.

Әділ Тұрғанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл енді неше жыл істелген еңбектің жемісі. Мен өте қуаныштымын. Біздің жаңағы Қазақстанның басшылары осыған лайықты көргеніне мен өте қуаныштымын сондықтан бұл еңбектің ақталғаны. Сондықтан енді бұндай күндер көп болсын, біздің елімізде қазақ еліне қазақ руханиятына қазақ өнеріне біз сияқты қызмет ететін адамдар көбейе берсін.

Вячеслав Ткач, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Мен бүгін бақыттымын, менімен бірге көптеген достарым әріптестерім марапатталды. Айтарым барлығына тамаша күн болсын.

Кештің сәнін арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарлама аша түсті. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин мен актер, әнші Мақсат Рахмет сахна төрінен әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әуелеген ән мен ерекше атмосфера мерекелік кештің мерейін одан әрі асқақтатты.

Нұрдәулет Қалибеков