Облыс орталығында ұлдар және қыздар арасында қол күресінен облыстық турнир ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға өңірдің бірнеше аудан-қалаларынан келген білекті бұрымдылар мен жүректі жігіттер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсеке халықаралық жарысқа іріктеу кезеңі ретінде өткізілгендіктен, жарыс жолына тек кіл мықтылар шықты. Қатысушылардың басым бөлігі республикалық және өңірлік жарыстардың жүлдегерлері.
Тартысқа толы турнир 22 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Әр белдесу жанкүйерлердің қызығушылығын тудырып, спортшылардың шеберлігі мен дайындығы жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Қарсыласына қайсарлықпен қарсы тұрған қолдары құрыштай қыз жігіттер жеңіске деген жігерімен ерекшеленді. Әсіресе, Күршім ауданының балуандары жарыста ерекше көзге түсті. Олар бірнеше салмақта қарсыластарына дес бермей, алтын медальдарды қанжығасына байлады. Осылайша, аудан намысын абыроймен қорғап, командалық көрсеткіш бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Сонымен қатар Риддерлік жас жуан білектері де жоғары дайындықтарын дәлелдеп, тұғыр биігінен көрінді.
Еламан Базылбеков, Қол күресінен облыстық турнир жеңімпазы (Күршім ауданы):
Қазір Өскемен қаласында дайындаламын, Күршімнің тумасымын. Қол күреспен айналысқаныма төрт жыл болды, бүгінгі жарыста 100 кг жарыста өнер көрсеттім оң қолдан бірінші сол қолдан екінші орын алдым. Алдағы жарыстарға дайындалу үстіндеміз.
Жарыс барысында жаттықтырушылар мен төрешілер жас спортшылардың техникалық деңгейіне оң баға берді. Ұлан ауданынан келген бапкердің айтуынша, бүгінде қол күресі өңірде қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары бұл спорт түріне қызығушылық артып, жастардың қатары көбейген. Мұндай жарыстар болашақ чемпиондарды шыңдап, халықаралық ареналарға жол ашуға мүмкіндік береді.
Дамир Байгонов, Қол күресінен аға жаттықтырушы (Ұлан ауданы):
Қол күреспен айналысқаныма 10 жыл болды, біздің спортшыларымыз үлкен дәрежеде орын алды. Азия және әлем чемпионаттарында жүлделі орындар алып жүр.
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша үздік спортшылар алдағы халықаралық және республикалық жарыстарда облыс намысын қорғайтын болады.
Нұрдәулет Қалибеков