Таң ата басталған жаңбыр мен күннің салқындығына қарамастан өңір жұрты мен жан-жақтан келген барша спорт сүйер қауым жүгіру марафонына қатысты. Шаһар аспанын қара бұлт торлап, ауа райы кедергі келтіргенімен, оған қарамаған қатысушылар қала көшелерін бойлай жүгіріп өтіп, көрерменнің көңілін көтерді.
Өскеменде Ертіс жағалауында өткен «KAZ MINERALS HALF MARATHON OSKEMEN» халықаралық жартылай марафоны биыл ерекше ауқымымен көзге түсті. Спорттық дода халықаралық мәртебеге ие болып, әлемнің 11 елінен келген қатысушылардың басын қосты.
Вадим Винокуров, марафонды ұйымдастырушы:
Қашықтық сипаттамаларға сәйкес белгіленген. Артықшылықтарының бірі – трассаның өте тегіс болуы, яғни көтерілу мен түсу бөліктері жоқ деуге болады. Бұл спортшылар үшін өте маңызды әрі жоғары бағаланады. Сонымен қатар, маршрут өте көркем: оның негізгі бөлігі Ертіс пен Үлбі өзендерінің жағалауымен өтеді, сондықтан қатысушылар одан ерекше ләззат алады. Бүгінде бізде жақсы дайындалған спортшылар бар, алайда 1400 адамның шамамен 1350-і – жай ғана жүгіруді жақсы көретін әуесқой қатысушылар.
Облыста қатарынан екінші жыл ұйымдастырылған жартылай марафонға еліміздің түкпір-түкпірінен келген желаяқтар қатысты. Астана, Алматы, Семей, Павлодар қалаларынан келген спортшылар жарыстың қарқынын күшейтіп, шетелдік қатысушылармен қатар бақ сынады. Биыл 10 және 21 шақырымдық қашықтықтар халықаралық қайта сертификаттаудан өтті.Қатысушылардың басым бөлігін өскемендіктер құрағанымен, өзге өңірлерден келген спортсүйер қауымның да қатары көп болды.
Сағыныш Қадырбеков, Марафонға қатысушы:
Оның алдында былтыр бізде 5 шақырым марфон жүгіргенбіз Өскемен қаласында. Бұл біріншіден денсаулыққа өте пайдалы, артта келе жатқан буынға үлгі ретінде марафондарды ұйымдастырып жатыр. Жылда осындай марафондарды ұйымдастырса керемет болады.
Ауқымды спорттық шараны «Экстремальная Атлетика» қоғамдық бірлестігі мен «KAZ Minerals» компаниясы бірлесіп ұйымдастырды. Бастамаға қала әкімдігі мен облыстық спорт басқармасы қолдау көрсетті. Жалпы жүлде қоры 7,5 миллион теңгені құрады. Әр қашықтық бойынша жеңімпаздарға арнайы ақшалай сыйақылар табысталды. Мәселен, 5 шақырым қашықтықтың жеңімпазы 150 мың теңге иеленсе, 10 шақырымда үздік шыққан желаяққа 300 мың теңге берілді. Ал жартылай марафондағы ең жоғары жүлде 500 мың теңге.
Нұрдәулет Қалибеков