Өскеменде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың қатысуымен «Bir tolqynda» атты ашық диалог алаңы өтті. Кездесуге «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, блогерлер, студенттер мен қоғам белсенділері қатысты. Еркін форматта өткен жиында жастар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен тікелей талқылады.
Жиынға 150-ден астам адам қатысты. Ашық диалог барысында ауылдық және шалғай аймақтардағы жұмыссыздық, жас мамандарды қолдау, студенттердің мәселелері, сондай-ақ NEET санатындағы жастардың жағдайы сөз болды. Депутат барлық сұрақтарға жауап беріп, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық бастамалар туралы айтып өтті.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
21 ғасыр ақпараттық ғасыры жасанды интеллект ғасыры, сондықтан біздің мемлекетіміз тарих толқынында қалу үшін біздің жастарымыз осындай жаңа бағытты бойына сіңіріп, қазақстан соның платформасын жасайтындай мемлекетке айналу керек. Осы мәселенің барлығын жастармен талқылап ұсыныстарды барлығы партияның сайлау алды бағдарламасына енетін болады.
Кездесуде көтерілген тақырыптар бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің маңызын айқындады. Қатысушылар жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мен цифрлық қауіпсіздікті сақтаудың маңызына тоқталды. Мұндай ашық диалог алаңдары жастардың белсенділігін арттырып, олардың ел дамуына қосар үлесін нығайта түседі.
Арслан Даутбек, блогер:
Жасанды интеллект жайлы талқылап жатырмыз. Шыныменде жастарға көп үміт артамыз. Осы кездесуден бір ой шығарады деген мәселедемін.
Бақытжан Үсен, студент:
Жастардың барлығын осы жерге жинайтын болсақ онда жастардың көзқарасы саяси тұрғыдан өзгереді деп ойлаймын.
Басқосуда Ерлан Саиров жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, «AMANAT» партиясы әрдайым жастар бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Бекарыс Секен