Мамыр айының жиырма бесінші жұлдызы. Соңғы қоңырау. Облыс бойынша 354 мектептен 5 мыңнан астам жас түлек үлкен өмірге қадам басты. Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейінде соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Мектеп оқушылары білім ошағымен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басқан күн. Түлектер өздеріне жүктелген үкілі үмітті ақтағысы келетіні сөзсіз. Алтын ұя мектеппен қоштасу кешіне оқушылар тыңғылықты дайындалған. Түлектерге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сәттілік тілеп, кәсіби маман болуларына сенім білдірді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Биыл біздің 494 оқушымыз, яғни түлектер алтын медаль иегері болуға үміттеніп отырса, 439 оқушымыз үздік аттестатқа ұсынылып отыр. Оның ішінде мына біздің лицей оқушылары да бар. Сіздерге тілек біреу. Ешнәрседен жасқанбай, тек тура жолмен жүре отырып, өздеріңіз ойлаған ЖОО түсіңіздер. Мықты білім алып, жан-жақты маман болып шығып, Қазақстанның қарқынды дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер. Ақ жол!

Түлектер көпшілік алдында өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, би биледі. Салтанатты жиын барысында мұғалімдер мен ата-аналар ақжарма тілектерін айтты.

Жаңыл Назарбаева, О.Бөкей атындағы №44 лицейінің директоры:

Биыл мектебімізде 44 түлек аяқтағалы отыр. Оның 16-сы алтын белгілер. Биылғы оқу жылы біз үшін өте сәтті жыл болды. Біздің оқушылар әртүрлі деңейдегі сайыстардан халықаралық, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындар алып, мектебіміздің абыройын асқақтатты. Тағы бір қуанышты жаңалық, біздің мектеп қала бойынша үздік ұйым атанды.

Мектеп бітірушілер ерекше толғаныс үстінде. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған оқушылар алтын ұяларын қимағанымен, болашаққа нық қадам басуға дайын.

Адия Жұмағазы, Жас түлек:

Біздің ұстаздарымызға болашаққа ықпал еткені үшін алғыс айтамын. Барлық түлектерге тілейтінім, сендердің шектеулерің сендердің миларыңда ғана. Сәттілік жан серіктерің болсын.

Алдияр Уалиолда, Жас түлек:

Болашақ ұрпаққа тек ғана зор денсаулық, бақытты өмір, зор белес тілеймін. Бұл өмір бізге сынақ. Тек қана жетістік тілеймін бәріне. Біз сияқты үлкен баллдармен бітірсін.

11 сынып оқушылары үшін соғылатын соңғы қоңырау – тебіреніске толы, өмір бойы есте қалатын сәт. Сондықтан түлектердің көңілдері алабұртып, мектеп өмірімен қимай қоштасуда.

Фатима Тілейханқызы