Ұлан ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды. Аудан әкімі Арман Бекбосыновтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық тәртіп мәселелері қаралды.
Кеңесте аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді де талқылады. Жиында 2026 жылдың бірінші тоқсанында әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы да баяндалды.
Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:
Ағымдағы жылы 23 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында дәстүрлі «Мөлдір бұлақ» акциясы бастауын алды. Аталған акция облыс әкімінің қатысуымен өтті. Аудан волонтерлері мен мемлекеттік қызметшілер Ұрынқай өзенінің арнасын және барлық бастау, бұлақтарды қоқыстан тазартты.
Жиын барысында өңірде тазалық мәдениетін қалыптастыру, еріктілер қозғалысын дамыту және жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту мәселелері талқыланды.
Бауыржан Бигалиев, Ұлан ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры:
Ауданымызда он шақты сенбілік өткізілді. Ол жастардың қатысуымен, «Таза жағалау», «Таза бейсенбі» акциялары өткізіліп жатыр. Өткен жылы 300-ден астам адам қатысып, бірқатар жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы бекітілген жоспарға сәйкес еріктілер, жастардың қатысуымен 22 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жауапты сала өкілдері қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізілген шараларды таныстырды. Дәстүрлі түрде өтетін сенбіліктерге мемлекеттік қызметшілер мен мұғалімдер, оқушылар да қтысты.
Нұрсұлтан Бағдатов, Қ.Қайсенов кенті орта мекетбінің мұғалімі:
Осы акцияға біз өте белсенді қатыстық. Мектебіміздің 9-11 сыныптары қатысты. Жақсы өтті. Балалар өздері де риза.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына белсене қатысқан Айыртау ауылдық округі үздік деп танылды. 2300-ге жуық тұрғыны бар ауылдық округте былтыр 12 сенбілік өткен.
Жан Ақшолақов, Айыртау ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
Бізде әр сенбі кездерінде жастармен жиналыс өтеді. Оған біздің ауылдағы барша жастар қатысады. Мектеп оқушылары, студенттер. Жұма сайын жиналыстар өткізіп отырамыз «Таза Қазақстан» акциясы аясында.
Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Жиын соңында өз саласында белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хат табысталды.
Фатима Тілейханқызы