Риддерде мейірім мен шаттыққа толы Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті. Облыстық Білім басқармасына қарасты «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының Риддер қаласындағы филиалында ұйымдастырылған бұл мерекелік шара ерекше мазмұнымен және тәрбиелік мәнімен дараланды.
Шараға қаладағы салалық бөлім басшылары, облыстық «Үміт» балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілері арнайы қатысып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй мен шынайы қамқорлық сыйлады. Қонақтар орталық тәрбиеленушілерінің өнерін тамашалап қана қоймай, олардың жетістіктеріне куә болып, жылы лебіздерін білдірді.
Назгүл Қуанышева, психолог:
Бұл филиал бізде балардың уақытша тұратын орыны болғандықтан, балалар күнделікті ауысып жатады. Қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын таныстырып, еліміздің халқымздың тарихымен таныстырып осылай ұлттық ойындар мен тағамдарды және ұлттық өнерге оларды насихаттап сол балаларға көрсетейік деген нитпен науырыз мерекесін тойлағалы жатырмыз.
Шара барысында тәрбиеленушілердің қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем әндер шырқалып, би қойылымдары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Анель Тлеулесова, ШҚО Білім басқармасының «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары:
Біз Үміт балалар үйінің Ридердегі филиалында осындай Наурыз мерекесін өткізіп жатырмыз. Біздің орталықтан 80 бала келді. Керемет көңіл күйде өткіземіз деп ойлаймын. Барлықтарыңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын.
Мереке соңында қонақтар балаларға жылы тілектерін арнап, мұндай игі шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастыруға ықпал ету. Осылайша, Риддер қаласында өткен Наурыз мейрамы тек дәстүрлі мереке ғана емес, мейірім мен жанашырлықтың, бірлік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.
Нұрдәулет Қалибеков