Өскемендегі «Алтай» көтерме-тарату орталығының алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жол Алтай ауданының шаруалары тұрғындарға табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдауда маңызды рөл атарады.
Қала тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеде ұсынылған әр тағамның сапасы мен бағасына аса мән берді. Ет пен балықтың алуан түрі, күнбағыс майы, сүт, картоп пен көкөністер, бал,жаңа піскен нан-тоқаш өнімдері көптің көңілінен шықты.
Айгүл Құттыбаева, Алтай ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Бүгінгі жәрмеңкедегі баға нарықтағыдан 15–20%-ға төмен. Сатып алмас бұрын барлық өнімнен дәм татып көруге болады. Өскемен тұрғындары үшін арнайы үстел ұйымдастырылған.
Жәрмеңкеде Березовское ауылындағы «Луч» шаруа қожалығының күнбағыс майы ұсынылды. Бұл өнімді Өскемен тұрғындары жақсы біледі әрі зор ықыласпен сатып алды.
Мәншүк Солтанова, жеке кәсіпкер:
Бауырсақ, муравейник, хворост, пирожки, қолдан өзім пысырдым бәрін. Бағалары өте қолжетімді. Қала тұрғындарына ұнап жатыр. Үнемі осындай жәрмеңкеге келуге тырысамын.
Қала тұрғындары арасында жергілікті өндірушілердің балық өнімдері де ерекше қызығушылық тудырды. Балықтың түр-түрін «Гранд Фиш»ЖШС ұсынды. Бұл Алтай ауданының танымал брендтерінің бірі.
Амангелді Мұстафин, «Гранд Фиш» ЖШС және «ТПО Ас-Эль» ЖШС жабдықтау бөлімінің менеджері:
Алтай өңірінің өнімдерін сатудамыз. Ермаковка ауылынан. Форель балығын өсіреміз. Өзіміздің өнім. Форель вяленный, копченный, бәрін өзіміз өндіреміз.
Жәрмеңкеге сатушылар да, сатып алушылар да дән риза. Қала тұрғындары таңмен таласа жәрмеңкеге келіп, құнарлы, сапалы, табиғи өнімдерді алды.
Бақыт Оразалинова, қала тұрғыны:
Отбасымен жиі келеміз. Бағалары, сапасы качество керемет екен. Экологический чистый аумақ. Жиі келіп тұрамыз.
Жәрмеңке мерекелік көңіл-күйде өтті. Соловьёво ауылының мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы — «Воля» ансамблі концерттік бағдарлама ұсынды. Келушілер үшін түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды.