Облыста өрт қаупі жоғары кезең 13 сәуірден басталады. Бұл туралы сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің сөзінше, орман және дала өрттерінің алдын алу басты міндеттердің бірі.
Облыстың орман қоры 3 млн. гектарды құрайды. Өңірде 13 орман шаруашылығы, екі мемлекеттік табиғи қорық және бір ұлттық парк жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 48 өрт сөндіру станциясы мен «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының бөлімшелері жұмылдырылған. Қазіргі таңда департаментте 1300-ден астам қызметкер мен 249 бірлік техника бар. Барлығы тілсіз жаудың алдын алуға сақадай сай.
Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы:
Аудандық күштер мен құралдар тарту жоспарлары бізде нақтыланды. Облыс бойынша азаматтық қорғау күштері жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері мен мобильді топтар құрылып жатыр. Бұл мобильді топтар бізде өрт қауіпті кезең аяқталғанша жұмыс істейтін болады. Олардың негізгі мақсаты халық арасында үгіт – насихат жұмысын жүргізу, рейдттік жұмыстар кезінде қатаң заңбұзушылық орын алса бұл тұлғалар ҚР әкімшілік құқықтық бұзушылық кодексінің сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.
Аймақта тілсіз жаудың алдын алу бағытындағы жұмыстар қызу. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өрт ошақтарын тікелей бақылауға және өрттің ауқымын анықтауға арналған 32 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Материалдық – техникалық базаны нығайту мақсатында шаралар жүзеге асырылуда.
Мерхат Әміров, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
«Қазавиақұтқару» АҚ 794 ұшу сағаты келісімшарт жасалған. Оның ішінде АН – 2, Еврокоптер, МИ – 8 тікұшағы бар. Соңғы 7 жылда облыстық бюджетінен 2 млрд 650 млн теңге бөлініп, оған 23 трактор, 4 вахталық автокөлік, 14 өрт сөндіру автокөлігі және 40 шағын өрт сөндіру кешені 16 патрульдік автокөлік сатып алынды.
Жиында тазалық жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Жиналған қоқысты тек құрғақ, алдын ала тазартылған жерде, желсіз ауа райында өрттеу керектігі айтылды.
Гүлдана Айдарқызы