Катонқарағай ауданындағы Өрел орта мектебінің оқушылары бүгінде «Google for Education» бағдарламасы аясында заманауи цифрлық білім мен дағдыларды меңгеріп жатыр. Осы арқылы оқушылар мен мұғалімдер «Google» платформаларын пайдаланып, 3D-модель жасап, оқу жобаларын әзірлеп, интерактивті тапсырмалар орындайды. Халықаралық деңгейдегі жоба ауыл мектебіне қандай мүмкіндіктер берді? Тілші баяндасын.
Өрел орта мектебінде бүгінде 153 оқушы білім алады. Білім ордасы халықаралық Google for Education Reference School сертификатын иеленіп, әлемдік цифрлық стандарттарды енгізген санаулы мектептердің қатарына қосылды. Жоба аясында мектепке 90-нан астам «Chromebook» беріліп, «Google»-дың білім беру платформаларына толық қолжетімділік ашылған. Бұл оқушылардың заманауи форматта білім алуына үлкен мүмкіндік сыйлады.
Гүлжан Дидарханова, Өрел орта мектебінің информатика пәні мұғалімі:
Биылғы оқу жылындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – мектебіміздің Google сертификатын алуы болды. Жоба аясында бізге 90-нан астам Chromebook табысталды. Нәтижесін көріп жатырмыз балалардың.
«Google for Education» жобасына мектептегі 36 мұғалімнің 28-і қатысқан. Жеті аптаға созылған біліктілікті арттыру курстарында педагогтар «Google Classroom», «Google Drive», «Google Meet» секілді негізгі цифрлық платформаларды меңгеріп, интерактивті сабақ өткізу мен материал алмасудың жаңа тәсілдерін үйренді. Бүгінде бұл бағдарлама Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да белсенді енгізіліп, мұғалімдерге цифрлық бағытты тиімді пайдалануға және халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне бейімдеуге көмектесіп келеді.
Әмина Жұмағұлова, Өрел орта мектебінің директоры:
Біз жеті апталық курстан өттік. Әр жұма сайын 2 жарым, 3 сағат көлемінде оқыдық. Курста негізінен жасанды интеллект ресурстарын, түрлі AI платформаларын және оларды қандай пәндерде тиімді қолдануға болатынын меңгердік. Тренерлер бізге осы бағыттар бойынша жан-жақты білім берді.
Өрел орта мектебінің оқушылары да жоба аясындағы жаңа мүмкіндіктерді ерекше қызығушылықпен қабылдаған. Олардың айтуынша, сабақтар бұрынғыдан да қызықты әрі заманауи форматта өтеді. Оқушылар «Chromebook» құрылғыларын, «Google»-дың білім беру қосымшаларын және нейрожеліге негізделген құралдарды пайдаланып, ақпаратты жылдам іздеп, тапсырмаларды тиімді орындауға машықтанып келеді.
Ұстаздардың айтуынша, бұл – үлкен жолдың бастамасы ғана. Енді білім, технология және тәжірибе бір арнаға тоғысып, оқушылар үшін сапалы әрі заманауи білім берілетін болады.
Фатима Тілейханқызы