Шығыстың інжу-маржаны атанған Катонқарағай — еліміздегі ең көрікті туристік аймақтардың бірі. Табиғатпен үндесіп, жан тыныштығын іздеген жандар үшін таптырмас мекен. Соңғы жылдары Катонқарағай ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Мұнда жаңа демалыс орындары ашылып, экологиялық бағыт пен этнотуризм жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қонақ қабылдайтын нысандар саны да артып келеді.

Катонқарағайда бірегей биосферасы, бай флорасы мен фаунасы бар ең ірі ұлттық парк орналасқан. Туристерді «Мұзтау» тауы, шипалы суымен танымал «Рахман қайнары», сондай-ақ пантымен емдеу мен апитерапия секілді сауықтыру бағыттары қызықтырады. Мәселен, 2024 жылы ауданға 150 мың турист келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 211 мың адамға жеткен. Туристер санының артуына «Алтай – Түркі әлемі» халықаралық фестивалі де оң ықпал етті.

Жанна Асқарова, Катонқарағай ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:

2024 жылы біздің ауданға 150 мың турист келді. Ал, 2025 жылы келушілер саны 211 мың адамға жетті. Себебі ауданымызда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өтті. Оған 10 мыңнан астам турист пен қонақ қатысты. Биыл сәуір айынан бастап туристер ағыны қайта жанданды. Қазірдің өзінде аудан аумағында туристер мен қонақтардың саны айтарлықтай көп екенін байқауға болады.

Пантамен емдеу – Катонқарағай ауданындағы сауықтыру туризмінің негізгі бағыттарының бірі. Жыл сайын мұнда туристер мен демалушылар денсаулықты нығайтып, ағзаны қалпына келтіру үшін емнің осы түріне жүгінеді. Табиғи ем, таза ауа мен шипажай кешендерінің дамуы ауданның бальнеологиялық және медициналық туризм орталығына айналуына ықпал етіп отыр.

Дариға Исабаева, «Баян» пантамен емдеу кешенінің директоры:

Біз 1 маусымнан бастап жұмысымызды бастаймыз. Биыл бізге тек Қазақстаннан ғана емес, Германиядан да көп турист келеді деп күтілуде. Ресейден де келушілер саны көп. Жалпы, шетелдік туристер саны айтарлықтай артып отыр. Сондықтан, дайындық қызу жүріп жатыр. Соңғы 2-3 жылда пантымен емдеу ерекше сұранысқа ие болды. Өйткені интернетте, TikTok пен Instagram желілерінде бұл туралы ақпарат өте көп таралып жатыр.

Ал, бес жыл бұрын кәсіпкер Құрмет Алтай әлеуметтік желіден Катонқарағай табиғатына тәнті болған туристің видеосын көреді. Алайда, саяхатшы қонақүй мен қызмет көрсету сапасының төмендігіне көңілі толмай, енді бұл жерге қайта келмейтінін айтқан. Бұл сөз кәсіпкерге қатты әсер етіп, сол сәттен бастап туристерге жайлы жағдай жасау үшін қонақүй салуға бел буған.

Құрмет Алтай, жеке кәсіпкер:

Ол турист бұл жерге енді қайта келмейтінін айтты. Себебі, ол маған түнеп шығатын да, тамақтанатын да орын жоқ екенін жеткізді. Шынымды айтсам, туған жерін сүйетін патриот ретінде бұл сөздер маған қатты әсер етті.

Кәсіпкердің басты арманы — сол азаматты Катонқарағайға қайта шақырып, бұл өңірдің тек табиғатымен ғана емес, қонақжайлығымен де таңғалдыра алатынын дәлелдеу.

Фатима Тілейханқызы