Шығыс Қазақстан облысы сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі саналады. Мамандардың мәліметінше, өңірдегі 75 елдімекенде жер сілкінісінің күші 6-9 балл аралығында болуы ықтимал. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметін алаңында өткен брифинг барысында хабарлады.
Өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Құтқарушылар 43 мыңнан астам азаматтың қатысуымен 849 сейсмикалық оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырған. Ал Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінде 300-ден астам адам арнайы дайындықтан өтті.
Исхар Савазов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
Бүгінде облыс аумағында 2 сейсмологиялық станция және жер сілкінісі болған жағдайда ақпаратты Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына жолдайтын 12 сейсмодатчик жұмыс істейді. Жер сілкінісі тіркелген сәтте мәліметтер Алматы қаласындағы орталыққа түсіп, мамандар тарапынан өңделеді. Одан кейін арнайы тікелей байланыс желісі арқылы ақпарат Төтенше жағдайлар департаментіне жіберіліп, халықты жедел хабардар ету және ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Халықты құлақтандыру үшін 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы бар. Сондай-ақ цифрлық эфирлік телехабар таратудың 19 арнасы мен радиохабар таратудың 13 арнасы іске қосылған. Бұдан бөлек, жер сілкінісі кезінде облыс тұрғындарын жедел хабардар ету мақсатында азаматтардың мобильді құрылғыларына арналған «Mass Alert» жүйесі енгізілді.
Шыңғыс Құмарбеков, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы м.а.:
2025–2026 жылдары Өскемен қаласындағы ғимараттар мен құрылыстардың сейсмотұрақтылығын паспорттау бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады. Сонымен қатар, өңір аумағын егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталары негізінде жаңа құрылыс нормалары мен ережелер жинағын әзірлеу көзделген. Қала аумағында 2000-нан астам көпқабатты тұрғын үй және 155 әлеуметтік маңызы бар нысан орналасқан. Құрылыс басқармасы білім беру, мәдениет, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, сейсмотұрақтылық бойынша паспорттаудан өтетін әлеуметтік маңызы бар нысандардың тізімін жаңартып, бекітті.
Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде қаладағы ғимараттардың осал тұстарын айқындайтын толыққанды карта әзірленеді. Бұл өз кезегінде қайта жаңғыртуды қажет ететін нысандарды нақты анықтауға мүмкіндік береді.