Өңірде суға шомылу маусымының дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл облыс бойынша рұқсат етілген 23 арнайы орын белгіленген. Олардың үшеуі Өскеменде орналасқан. Шомылу маусымының ресми ашылуы 15 маусымға жоспарланған. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері брифингте мәлімдеді.

Қазір облыста жағажайларды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Су түбін зерттеу үшін 16 өтінім түскен. Мамандардың айтуынша, көктемнің салқын болуына байланысты дайындық сәл кеш басталған. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірде бес құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Рейдтік шараларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер мен әскери бөлім сарбаздары тартылған.

Дастан Ахметов, Өскемен қ. ТЖБ бастығының орынбасары:

Жағажайлар барлық талаптарға сай болуы керек. Ең алдымен балаларға арналған шомылу орындары белгіленуі тиіс. Медициналық пункт пен құтқарушылардың болуы міндетті. Сонымен қатар, жағажайлар құтқару шеңберлерімен, ақпараттық тақтайшалармен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі қажет. Құтқарушылар таңертеңнен кешке дейін қауіпсіздікті бақылауы тиіс.

Рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге тыйым салынады. Қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтар заң алдында жауап береді.

Ләззат Жұмажанова, Өскемен қ. санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы:

Басқарма мамандары мамыр айынан тамыздың соңына дейін жағажайлардан су сынамаларын алып, топырақ пен құмды зерттейді. Зертханалық сараптама қорытындысына сәйкес қосымша бақылау жүргізіледі. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша су мен топырақтың көрсеткіштері гигиеналық талаптарға толық сәйкес келді.

Жаз - демалыс мезгілі. Алайда қауіпсіздік талаптарын сақтау - әр азаматтың жауапкершілігі. Мамандар тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады.

Фатима Тілейханқызы