Катонқарағай ауданында Жапония тәжірибесіне негізделген «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аймақ басшысының қолдауымен, Катонқарағай ауданы әкімдігінің бастамасымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорымен жүзеге асырылуда. Бастама аясында ауыл кәсіпкерлерін қолдауға, жергілікті өндірісті дамытуға, бәсекеге қабілетті брендтер қалыптастыруға және халықаралық тәжірибені өңір экономикасына енгізуге бағытталған шаралар легі жүзеге асырылмақ.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында халықаралық сарапшылар мен мамандар Катонқарағай ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлеріне арналған оқыту семинарларын өткізді. 2030 жылға дейін халықаралық тиімді тәжірибелерді кезең-кезеңімен енгізу, өнім өңдеу саласын дамыту, жергілікті тауарларды нарыққа шығару және ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жоспарланып отыр.
Харагучи Акихиса, JICA-ның «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бас кеңесшісі:
Бұл модель алғаш Қырғызстанда жүзеге асқан жобаға негізделген. Қазір ол Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да белсенді енгізіліп жатыр. Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы жобаны Қазақстанда жүзеге асырудамыз. Катонқарағай өңірі маған ерекше ұнайды. Өткен жылдың тамыз айында еңбек демалысында осында балық аулауға келген едім. Табиғаты таңғажайып, тіпті маған Алясканы еске түсіреді. Енді осы өңірде жұмыс істеп, жобаны табысты жүзеге асыруға күш салып жатырмыз.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының мақсаты — бір шикізат немесе дәстүрлі өнім негізінде жаңа тауар түрлерін шығару арқылы жергілікті өндірісті дамыту. Бұл тәсіл өнім түрін көбейтіп қана қоймай, жергілікті тауардың құнын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл кәсіпкерлерінің табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Жоба облыс әкімінің тапсырмасымен, Катонқарағай ауданының «Тұрақты даму қоры» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Олжас Шәріпбеков, «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» ҚҚ директоры:
Қазіргі таңда біздер «Бір ауыл – бір өнім» деген жобаны алып келіп отырмыз. Бұл — Орталық Азия елдеріне енгізіліп жатқан жапондық жоба. Катонқарағай ауданы осы бастама қолға алынған алғашқы пилоттық алаң болды. Жоба аясындағы шаралар үш күнге жалғасады, бастаймыз.
Аудан кәсіпкерлері «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қызығушылық танытып отыр. Олар бұл бастама жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, өнім түрін көбейтуге және өңір тауарларын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Ерасыл Қасымбеков, жеке кәсіпкер:
Бағдарлама бойынша Катонқарағайдан шығатын экологиялық таза өнімдер дәрі-дәрмек болсын, өндірісті дамытуға, әрі қарай өнімдерімізді шығарамыз.
Жоба ауыл кәсіпкерлігін қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды қадам болмақ.
Фатима Тілейханқызы