ҚР Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлім сарбаздары қазақша күрестен өткен жарыста бақ сынады. Жеті әскери бөлім спортшылары жеті салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Балуандар Павлодар, Семей, Курчатов және Өскемен қаласындағы әскери бөлімдердің намысын қорғап, боз кілемде аянып қалмады.
Шараның басты мақсаты - ұлттық спортты насихаттау. Қазақша күрес жауынгерлердің төзімділігін арттырып, шапшаңдығы мен ептілігін дамыта түседі. Сондай-ақ тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандыратын спортың ұландықтар үшін маңызы зор. Өзара бақ сынаған спортшылар түрлі салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде сынға түсті. Мәселен 82 келі салмақта Теміржан Ілияшев қарсыластарынан басым түсіп, жүлделі орын иеленді.
Теміржан Ілияшев, қатардағы жауынгер:
Өте қуаныштымын. Біздің 5518 әскери бөлімі осы турнирге тыңғылықты дайындалды. Мен де үздіксіз жаттығып, дайындалдым. Жарыс барысында жақсы нәтиже көрсеттік. Әскерге дейін мен 8 жыл спортпен айналыстып, әскерден кейін де ары қарай спорттты жалғастырып, балаларды жаттықтырсам деген арманым бар.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 5518 әскери бөлімі жеңіске жетті. Ал екінші орынға Семей қаласынан келген 5511 әскери бөлімі жайғасса, үшінші орынды Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің спортшылары місе тұтты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, дипломдар, медальмен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев балуандарға спортпен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың қажеттілігін алға тартты. Сонымен қатар қолбасшы әскери спортшыларға жылы лебізін жолдап, ұлттық спортқа бет бұрғандарға қошемет танытты.
Руслан Оралтаев, ҚР ҰҰ «Шығыс» ө/қ 5518 ә/б спорт және дене шынықтыру бойынша бас бапкері:
Команданың ішінде 50 сарбаз. Оның ішінде офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер барлығы сайысқа қатысты. Жалпы әскери бөлім командирінің қолдауымен бізде оқу-жаттығу жиыны 20 күндей бір айдай созылды. Осының арқасында шығыс өңірлік қолбасшылығының чемпионатында чемпион болып, өтудеміз. алдымызда Тараз қаласында өтетін Ұлттық ұлан чемпионатына Шығыс өңірлік қолбасшылығының командасы ұсынылуда. Барлық сарбаздар мен жауынгерлерге сәттілік.
Сайыста үздік өнер көрсеткен ойыншылар өзара іріктеліп маусым айында Тараз қаласында өтетін Ұлттық ұлан жауынгерлері арасындағы чемпионатта бақ сынайды. Олар дүбірлі додада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.
Салтанат Кеңесбекқызы