Риддерде 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Нысан облыс әкімдігі мен «Казцинк» кәсіпорны арасындағы меморандум аясында салынып жатыр. Қазір ғимараттың қасбетін ретке келтіру, инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімі Думан Рахметқалиев құрылыс алаңына барып, тексеру жүргізді. Ол жұмыс барысын бақылап, инженерлік коммуникацияларды қосу шараларын талқылады. Одан бөлек, төңіректі абаттандыру мәселелері сөз болды.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
Білім беру мекемесі 600 оқушыға арналған. Жоспар бойынша бұл қазақ мектебі болады. Қазіргі таңда ғимараттың қасбетін әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал ішкі шаруалар толық тәмамдалды. Осы аптаның өзінде мердігерлер әрлеу жұмыстарына кіріседі. Ендігі маңызды мәселенің бірі — инженерлік коммуникацияларға қосу. Жұма мен сенбіге қараған түні мектепті су жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз.
Мердігердің айтуынша, құрылыс бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Жобаға білікті мамандар мен құрылыс техникасы жұмылдырылған.
Жәнібек Жамантіков, «Элхон» ЖШС құрылыс учаскесінің басшысы:
Нысанда 128 адам еңбек етуде. Қазіргі уақытта желдету жүйесі мен электр желілерін орнату жұмыстары атқарылуда. Құрылыс алаңында екі экскаватор, екі тиегіш, бір жол нығыздағыш және екі автокран жұмыс істеуде. Сонымен қатар мектеп аумағын абаттандыру және жер бедерін реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ғимарат қасбетін қаптау жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Оны осы айдың соңына дейін немесе келесі айдың басында толық бітіру жоспарлануда. Бұдан кейін абаттандыру, ішкі әрлеу және технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары қалады.
Мектеп құрылысы биыл тамыз айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда компьютерлік сыныптар, шеберханалар, интерактивті тақталар, кең әрі жарық кабинеттер мен асхана қарастырылған.
Гүлдана Айдарқызы