Облыста балық ресурстарын сақтау және балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды. Биыл көктемгі уылдырық шашу кезеңінде Зайсан-Ертіс бассейнінде ауқымды рейдтер ұйымдастырылып, заңсыз балық аулау деректері анықталды. Сонымен қатар, су айдындарын тазарту акциялары өткізіліп, өңірде тауарлы балық өсіру көлемі де артып келеді.

Ертіс су бассейні – Қазақстандағы балық шаруашылығы үшін маңызы зор аймақтардың бірі. Оның құрамына Зайсан көлі, Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су қоймасы және жергілікті маңызы бар су айдындары кіреді. Мамандардың айтуынша, өңірдегі балық қорын сақтау – экологиялық қауіпсіздік пен азық-түлік тұрақтылығы үшін маңызды міндет. Осыған байланысты биыл «Уылдырық шашу – 2026» акциясы ұйымдастырылды. Рейдтік шаралар барысында инспекторлар заңсыз балық аулаудың 58 дерегін анықтап, жалпы саны 72 әкімшілік хаттама толтырған.

Фархат Байбазаров, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

Осы 72 адамға 1 млн 626 теңгеден айыппұл салынды. Қазіргі таңда келтірілген залал 994 мыңнан асады. Жыл басынан инспекция 499 рейдтік шара өткізіліп 341 құқық бұзушылар анықталды. Осы құқықбұзушыларға 7 млн 400 мыңнан астам айыппұл салынып, 6,8 млн. теңге өндірілді.

Бұдан бөлек, мамыр айында «Таза су айдындары» экологиялық акциясы өткізілді. Шараға 450-ден астам азамат, 150-ден аса техника жұмылдырылған. Нәтижесінде су айдындары жағалауынан 41 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 450 иесіз балық аулауға арналған құрал-жабдық жойылды. Өңірдегі балық шаруашылығын дамыту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Үкіметтің 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында 2030 жылға дейін 9 мың 774 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланған. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2021 жылы 480 тонна балық өсірілсе, былтыр бұл көлем 2 мың 300 тоннадан асқан.

Гүлдана Айдарқызы