Елде мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру аясында кепілдендірілген өтемақы сомасын есептеу әдістемесі қайта қаралды. Бұл туралы облыс орталығында өткен брифингте ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, жаңартылған тәсіл техникалық оңалту құралдарының бағасын нарықтағы нақты құнға барынша жақындатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ақпараттық жүйелер толық іске қосылғаннан кейін нарықтық бағалар жөніндегі мәліметтер автоматты түрде алынып, кепілдендірілген өтемақы көлемін қалыптастыру да автоматтандырылады.

Наталья Литке, ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы м.а.:

Бұл субъективті факторды болдырмауға, бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашады. Әлеуметтік қолдауды қысқарту туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Керісінше, мемлекет қаржыны сапалы, заманауи әрі сұранысқа ие техникалық оңалту құралдарына бағыттауды көздейді.

Брифинг барысында Наталья Литке медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау кезінде медициналық құжаттарды қолдан жасау фактілеріне де тоқталды. Оның мәліметінше, республика бойынша мұндай 167 дерек анықталғанымен, Шығыс Қазақстан облысында әзірге мұндай заңбұзушылық тіркелмеген.

Наталья Литке, ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы м.а.:

Қазақстан бойынша мүгедектікті рәсімдеу кезінде медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау барысында құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталды. Алайда ШҚО-да мұндай жағдай болған жоқ.

Сондай-ақ, ол мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда ақпарат бірден құқық қорғау органдарына жолданып, тиісті тексеру жүргізілетінін айтты.

Гүлдана Айдарқызы