Өскеменлік «Altai» ел біріншілігіндегі ең жарқын матчтардың бірін өткізді. Қазақстан Премьер-лигасы аясында шығысқазақстандық команда өз алаңында чемпионат көшбасшыларының бірі — елордалық «Астанамен» кездесті. Футболшыларды қолдауға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та келді.

Кездесу алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқында өтті. Екі команда да белсенді шабуылдап, алаңның әр бөлігінде тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бірінші тайм голсыз аяқталды. Үзілістен кейін есепті қонақтар ашты — «Астана» шабуылшысы Рамазан Кәрімов мергендігімен көзге түсті. Алайда алаң иелері ойынның 67-минутында есепті теңестірді. Гол авторы - Дмитрий Шмидт. Қорытынды есеп — 1:1.

Ибрагим Дадаев, «Altai» ФК жартылай қорғаушысы:

Қарсылас қақпасынан саңылау табуға болатын сәттерді тиімді пайдалана алмадық. Бәлкім сәттілік те жетіспеді. Қарсылас мықты әрі тәдірибелі болғанымен командаластарым тамаша ойын өрнегін көрсетті. Әрбір ойыншы бар күшін салды, әр сәтте аянып қалған жоқ. Біз Өскеменде ойнап жатқандықтан, жанкүйерлер мен клуб басшылығы алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінеміз. «Астанамен» ойында ең қиыны — қорғану болды. Өйткені олардың допты үнемі бақылауда ұстады. Пас алмасуы жылдам, тәжірибелі, ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрген ойыншылар. Осы жағынан қиындық туды. Ал жалпы ойын жақсы өтті.

Клуб басшылығының айтуынша, команда чемпионат көшбасшыларына қарсы матчтарда тәжірибе жинап келеді. Құрамы жас болғанына және қарсыластарының деңгейі жоғары екеніне қарамастан, «Altai» футболшылары сенімді ойын көрсетуде.

Нартай Чамбилов, «Altai» ФК директоры:

Осындай азулы қарсыласқа қарсы осындай оын көрсетіп, балаларымыз барын салғанына қуаныштымыз. Өскеменге осындай сый тартып, Өскеменге қуаныш алып келгенімізге қуаныштымыз. Алдағы мақсатымыз Өскемен, Шығыс Қазақстан футболын дамытуға өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.

Команданың Премьер-лигаға қайта оралуы өңір үшін маңызды оқиғаға айналды. «Altai» командасын қолдауға отбасымен келетін жанкүйерлер қатары артып келеді. Трибунада жастар да, клубқа көп жылдан бері жанашыр болып жүрген азаматтар да бар.

Жігер Сәрсенбаев, қала тұрғыны:

13жылдан кейін премьер-лигаға оралғаннан кейін халықтың барлығы футболды сағынды.Өте көптеп келіп, қолдау көрсетіп жатыр.Жастар көптеп келуде. Алтай біздің Өскеменнің ғана емес Шығысқазақстанның бетке ұстары деп ойлаймын.

Сергей Скулкин, қала тұрғыны:

Ең алдымен, баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын.Бұл кездесуде Өскемендік құрама жеңіске жетеді деген сенім болды. 2:1 есебі тіркеледі деп үміттендік.Шығыста үлкен футбол қарқынды дамып келе жатыр деп сенімді үрде айтуға болады. ЖАнкүйерлердің де қарасы қалың. Оның үстіне, менің ұлым да, немерем де футбол ойнайды. Сондықтан мүмкіндік болса, стадионға үнемі келуге тырысамын.

Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы келесі матчта «Altai» футболшылары 14 маусым күні «Ақтөбе» командасымен кездеседі.