Қарағандыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында бірнеше спорт түрінен сайыс өтіп, жеңімпаздар анықталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі бастамасымен өткен достық кездесуде үздік деп танылғандар елордада өтетін жарысқа жолдама алды.
Ақпарат саласының өкілдері бас қосқан спартакиада үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі, қазақ күресі сынды бірнеше спорт түрін қамтыды. Жарыста «Saryarqa», «Altai» және «Semei» телеарнасының командалары бақ сынасты.
Жәнібек Садықанов, «Saryarqa» телеарнасы директорының орынбасары:
Бұл спартакиада әріптестер арасында үлкен тәжірибе алмасу десек болады. тек мықтылар жеңіске жетсін. Жарыс әділ өтсін. Әрбір қатысушыға сәттілік.
Төрешілер қауымы жарыс қатысушыларына әр сайыстың жалпы ережесін түсіндіріп, іріктеу кезеңдері басталды. Жекелеген дода бойынша жеңімпаздар анықталды. Спортқа бейім тілшілер алдымен үстел теннисінде сынға түсті.
Журналистер қазақ және қол күресі сайысында да белсенділік танытты. Әр салмақ бойынша білектің күші сыналып, қалам ұстаған тілшілердің қарымы байқалды.
Азамат Кәлімбеков «Semei» телеарнасының редакторы:
Бірнеше спорт түрінен жарысқа қатыстық. Бұл әріптестермен байланыс, өзара тәжірибе алмасу. Сондықтан ерекше әсер алдық. Жақсы көңіл күймен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Алда да осындай жарыстар бола берсін.
Шахмат пен тоғызқұмалақ сайысы да қатысушылардың ойлау қабілеті мен шапшаңдығын, зияткерлік қабілеттерін аңғартты. Спартакиада қорытындысы бойынша командалық есепте - «Altai» телеарнасы топ жарды. Ал, екінші орынды «Semei», III орын - «Saryarqa» телеарнасы иеленді.
Достық байланысты нығайта түскен спартакиада игілікті іспен қорытындыланды. Өскемен, Семей қалаларынан келген ақпарат саласының өкілдері «Saryarqa» телеарнасы аумағына ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан», жасыл желекті жайқалту ұстанымын қолдады.
Өңіраралық спартакиадада топ жарған «Altai» телеарнасының құрамасы алдағы уақытта Астанада өтетін жарыста бақ сынайды.