Риддер қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға 1200-ден астам тұрғын қатысты.

 «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жиналған жұрттың қарасы қалың. Олардың қатары еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін толықты. Абай көшесінің тұрғыны сенбілікке тәтті – дәмдісін дайындап әкелген.

Гаухар Қабикенова, қала тұрғыны:

Осы үйдің тұрғынымын. Біздің көршілер бүгін ауланы тазартуға шыққан екен. Таза Қазақстан деген тек қана ауланы тазалығы емес, жанның, дүниенің тазалығы. Сондықтан оларға да өз үлесімді қосайын деп, бауырсақ пісіріп алып шықтым.

Қала тұрғындары саябақтар мен көшелерді ретке келтіріп, қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, ауланың сыртқы келбетін жақсартып, сырлау жұмыстарын жүргізді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қала аумағы учаскелерге бөлінген. «Казцинк» компаниясының қызметкерлері Мәдениет сарайының маңына сенбілік жасады.

Анна Сагадеева, Риддер қ. «Казцинк» ЖШС персоналмен жұмыс қызметінің маманы:

Ауа райы тамаша, ұжым өте ұйымшыл. Бұл шарада бір – бірімізге көмектесіп, күнді көңілді өткізіп жатырмыз. Айналамыз тазарып, көктемді жылы қарсы алудамыз. Енді қала тұрғындары бұл саябаққа келіп, қуана демалатын болады. Жаз мезгілінде мұнда қыдырып келетіндер көп. Сондықтан тұрғындар арасында танымал орын. Осындай игі бастамаға қатысып, айналаны көркейткеніміз бізге үлкен қуаныш сыйлайды.

Футбол алаңының аумағын жас спортшылар мен жаттықтырушылары бірге тазалады.

Мағжан Жұмабаев, «Adamant» ФК директоры:

Біз өзіміздің балалар, тәрбиеленушілермен біріге отырып қаламыздың тазалығын сақтауға жиналдық. Болашақ өзімізден басталады. Жаттығу мен ойындарға ашық алаңның болғаны жақсы. Азаматтарға кішкентай кезінен бастап, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті, тазалық пен тәртіпке деген құрметті қалыптастыру өте маңызды. Сондықтан біз клубымызда әрбір тәрбиеленушіні тек сыртқы ортаның тазалығын ғана емес, сонымен қатар өз ойының тазалығын да сақтауға әрдайым шақырамыз.

Ростислав Киреев, «Adamant» ФК шабуылшысы:

Табиғат ұзақ жасап, жақсы сақталуы үшін сенбіліктер өткізіп тұру қажет. Қаламыздың тазалығы басты орында.

Ауқымды сенбілік барысында қала тұрғындарына арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

1200 адам субботникке шықты, 5 тоннадай қоқыс жиналды. Енді өте қуаныштымыз өзіміздің тұрғындарымыз да өз аулаларын тазалауға шығып жатыр. Біз енді мемлекеттік қызметкер болғандықтан бәріміз үлгі болуымыз керек, бірақ енді тұрғындарымыз өздері шығып, өздері ұйымдастырып, әрбір көшеде өздері жүргеніне мен өте қуаныштымын. Алдымызда демалыс күндері бар, біз де демалыс күндері шығамыз. Менің ойымша бұдан да астам біздің тұрғындарымыз, қосылады деп ойлаймын.

Мұндай шаралар қаланы тазартумен ғана шектелмейді. Тұрғындарды береке – бірлікке шақырады.

Гүлдана Айдарқызы