Облыс орталығында Ғылым күні аталып өтті. Жиында аймақтың ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің II отырысы ұйымдастырылды. Кездесуде өңірдің жетекші ғалымдары шығыста жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында сөз етіп, баяндама жасады.
Ғылым жөніндегі өңірлік кеңестің бағдарламасы аясында қатысушылар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ қабырғасындағы «Лу Бань» шеберханасының қызметімен жіті танысты. Келушілерге орталықтың заманауи инфрақұрылымы, үздік жобалары таныстырылды. Шара барысында ЖОО-ның студенттері мен оқытушыларының көрмесіне ерекше назар аударылды. Ұсынылған жұмыстар инженерлік шешімдерден бастап цифрлық технологияларға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтыды. Бұл білім беру ордасының жоғары ғылыми әлеуеті мен өңірлік ғылымды дамытудағы маңызды рөлін айқын көрсетті.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:
Қазіргі таңда біздің университет академиялық жақтан да ғылыми зерттеу халықаралық деңгейде жақсы динамикалық түрде дамып келеді. Академиялық тұрғыдан айтсақ біздің білім беру бағдарламалар жылда өзгеріп, жылда жаңа бағдарлама біз енгізіп отырамыз. Біздің экономика және басқа да құбылыстарға байланысты. Былтыр атомдық электр станция деген осындай бағдарламаны енгізіп, студенттерді қабылдады.
Облыс әкімі өз сөзінде ғылым мен білімнің дамуы – жеке тұлғаның ғана емес, ел дамуының басты кепілі екенін жеткізді. Бұл салада адал, табанды еңбек етіп жүрген ғалымдарға, оқытушыларға, магистранттарға және зерттеушілерге ғылымды дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдірді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қадірлі қауым! Ұлы ойшылымыз Абай Құнанбайұлының ғылым таппай мақтанба деген өситеті бүгінде өзекті болып отыр. ЖИ жаңа технологиялар қарқынды дамып отқан заманда біз үздіксіз зерттеу жүргізуге білім мен ғылымға ерекше мән беруге тиіспіз.
Шара соңында аймақ ғалымдарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Зерттеушілердің елеулі жетістіктері, олардың отандық ғылым мен инновацияларды дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.
Гүлдана Айдарқызы