Елде интернет арқылы жасалатын алаяқтық деректері жиілеп отыр. Қаскөйлер заманауи технология мүмкіндіктерін теріс мақсатта пайдаланып, азаматтардың ақшасын иемденудің түрлі тәсілдерін қолдануда. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері облыс орталығында мұндай құқықбұзушылықтардың 150-ге жуық дерегі тіркелген.Қазіргі таңда алаяқтар тұрғындарды аз қаражат салып, қысқа уақытта мол табысқа кенелесіз деген жалған уәделермен алдап, қаржысынан қағуда.Ал ішкі істер органдары мұндай қылмыстардың алдын алу және оларды әшкерелеу бағытында қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Әріптесім тарқатсын.
Жалған сайттар, күмәнді сілтемелер, әлеуметтік желідегі фейк парақшалар – мұның бәрі азаматтардың жеке деректерін ұрлауға бағытталған. Тіпті кей жағдайда алаяқтар банк қызметкері немесе таныс адам болып хабарласып, сенімге кіріп алады.
Ақбота Бауыржанқызы, Өскемен қ. ПБ Криминалды полиция бөлімшесі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі:
SMS-кодтарды және банк картасының деректерін ешкімге бермеңіз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өзін банк қызметкері немесе полиция деп таныстырған бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Сонымен қатар, инвестицияға қатысты ұсыныстарға ерекше назар аудару қажет. Егер сізге тез әрі кепілдендірілген табыс уәде етсе бұл көбіне алаяқтық. Нақты инвестицияда ешқашан 100% кепілдік болмайды. Тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдалану маңызды. Егер күмәнді жағдайға тап болсаңыз, бірден банкке және полицияға жүгіну қажет.
Тәртіп сақшылары күн сайын осындай қылмыстармен күресіп келеді. Олар әрбір істі мұқият зерттеп, қылмыскерлерді анықтауға тырысады. Дегенмен, мамандардың айтуынша, кез келген қылмыстың алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан әр азамат интернеттегі қауіпсіздікке бейжай қарамауы тиіс.
Әнуар Бахтияров, Өскемен қ. ПБ Криминалды полиция бөлімшесі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі:
Қазіргі таңда интернет алаяқтары түрлі тәсілмен адамдарды алдауға көшкен. Сондықтан ең маңыздысы сақтық пен сауаттылық. SMS-кодтар, банк картасының нөмірі, оларды ешкімге жарияламаңыз. Күмәнді сілтемелерді ашпау да қауіпсіздіктің басты шарты. Өзін банк қызметкері, полиция немесе басқа да ұйым өкілі ретінде таныстыратын бейтаныс адамдарға бірден сенуге болмайды. Олар көбіне қысым көрсетіп, шұғыл шешім қабылдатуға тырысады.
Мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Себебі, киберқылмыстың құрбаны болмау – ең алдымен әркімнің өз жауапкершілігі.
Нұрдәулет Қалибеков