Риддер қаласы – аймақтағы су басу қаупі жоғары өңірлердің бірі. Биыл көктемде қардың қарқынды еруі мен тау өзендерінің тасу қаупі сақталғанымен, қала тұрғындары тасқын зардабын сезінген жоқ. Бұл алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі мен тасқынға қарсы шаралардың нақты қолға алынғанының нәтижесі.
Риддер үшін негізгі қауіп көзі – тау өзендері. Громотуха, Быструха және Үлбіден келетін су молайып, арнасынан асу қаупін тудырады. Сондай-ақ, қала аумағындағы ұсақ жылғалар да қауіп деңгейін арттырады. Осыған байланысты өңірде тасқынға қарсы дайындық жұмыстары ерте басталған. Күзде қолға алынған шаралар қыс бойы жалғасып, коммуналдық қызметтер сегіз мың текше метрден астам қарды шығарған. Ал наурыз айының басында су бұру жүйелері тазартылып, алты шақырым су арналары мен он үш шақырым арық ашылған.
Иван Челмаков, Риддер қ. №1 ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы:
Біз өз қаламыздағы өзендерді тазалап, кешенді тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғын үй маңындағы арықтар мен өзендерді үнемі бақылап, тазалап, арнасын ашып отыру қажет.
Өрт сөндіру бөлімдері қажетті техникамен толық қамтылған. Қазіргі таңда 5 автоцистерна, газ-түіннен қорғалған арнайы көліктер мен 2 авариялық-құтқару техникасы сақадай сай. Ал №14 бөлімшеде қосымша 2 автоцистерна мен 1 жеңіл қызметтік көлік қарастырылған.
Ұлан Нұрмұхамбет, Риддер қ. №1 ӨСБ бастығы:
Бізде қазір 5 мотопомпалар бар. 14-өрт сөндіру бөлімінде 2 мотопомпа бар. Акімдіктің водоканалында мотопомпалар бар. Олар кезекшілікке түскен кезде қызметшілермен қабылданып, тексеріліп отырады. Кез-келген шығуларға дайын. Өтімі биік техникалармен 2 өрт сөндіру бөлімі де жабдықталған.
Бөлімшелер қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Қала бойынша құтқарушыларды толықтай судан қорғайтын 34 арнайы киім бар. Бұдан бөлек, су ішінде еркін әрі қауіпсіз қозғалу арналған 28 «лиман» жиынтығы қарастырылған.
Нұртас Қайролдаев