Облыс орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен қала тұрғындары белсене қатысты.

Аймақта «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер тұрақты түрде өтуде. Әр сенбі сайын азаматтар көшелер мен аулаларды тазалап, қоқыс жинауда. Арнайы техникалар да тартылып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Бұл жолы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Жеңіс» мемориалдық кешеніндегі сенбілікке қатысып, тұрғындармен және еріктілермен тілдесті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазақстандағы ең әсем қала. Қай қалада екі өзен бар. Тек бізде ғана. Қай қалада осындай орман тауы бар. Тек бізде ғана. Қай қалада осындай береке-бірлігі жарасқан еңбекқор халқы бар, бізді. Өйткені, шығысқазақстандықтар ерекше халық. Көпшілік тамсанатын осы қаламызды бірлесіп тазалап, керемет әдемілігін көрсете білсек, болашақта 500 мыңның үстінде халық тұрады. Қазір 385 мың-дай, 4,5 жылда 500 мыңға жететін болады. Құрылыста ерекше дамып келе жатыр. Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығы біздің облысымызға айдан анық. Қай облыста екі бірдей әуежай салынып жатыр, тек бізде ғана.

Иә, аймақта инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асуда. Тазалық шарасына қатысқан қала тұрғындары мұндай бастамаларды қолдайтындарын жеткізді. Олардың айтуынша, бұл игі істер шаһардың көркін арттырып қана қоймай, азаматтардың жауапкершілігін де күшейтеді.

Айта кетейік, акция аясындағы тазалық жұмыстары өңірде алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар, облыс орталығында жаңа аллея салу жоспарланып отыр.

Бекарыс Секен