Бүгінгі таңда өңір тұрғындарының 95 пайызы волонтерлік қызмет туралы, оның бағыттары мен атқаратын жұмыстары жөнінде хабардар. Бұл – аймақта волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда аймақта 14 волонтерлік фронт-офис жұмыс істейді. Аталған фронт-офистер жанында 2000-нан астам ерікті тіркелген. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында Өскеменде «Волонтерлік жобалар мен іс-шараларды басқару» тақырыбында интерактивті семинар өтті. Іскерлік кездесу – еріктілердің кәсіби біліктілігін арттыруға және өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған.
Былтыр шығыс жастарының бастамасымен қолға алынған «Мейірімді шығыс» акциясы ел жастары арасында кеңінен қолдау тауып, «Мейрімді Қазақстан» деген атаумен 10 күн бойы табысты жүзеге асты. Игі шараға 10 мыңнан астам жас қатысқан. Бұл – шығыс жастарының белсенділігін айқын көрсетеді.
Айдос Әділбеков, Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Бұл облыстық өңіраралық форум аясында өңіріміздегі қалалық және аудандық фронт-офис жетекшілері белсенді волонтерлерді оқыту интерактивті семинар ұйымдастырылатын болады. Семинардың арнайы спикері ретінде «Ұлттық волонтерлік желі» атқарушы директоры Татьяна Миронюк семинарды жүргізетін болады. Бұдан бөлек облыстық форум аясында дөңгелек үстел жоспарланған. Дөңгелек үстелде РФ Омск, Абай және Павлодар облыстарының өкілдері, ШҚО волонтерлері өздерінің тәжірибелері мен өңірлерде атқарылып жатқан волонтерлік саладағы қызметтері бойынша тәжірибелерімен бөлісу жоспарланған.
Семинар еріктілер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Қатысушылар волонтерлік қызметтің маңызын тереңірек түсініп, алдағы жоспарларын нақтылады.
Тахмина Ералимова, волонтер:
Волонтерліктің қандай маңызы бар екенін біліп жатырмыз және алдағы уақытта қандай жұмыс атқару керек соның барлығын осы семинардан біліп жатырмыз. Алдағы уақытта Ұлан ауданында жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға «Алғыс айту» күніне орай көмек көрсетуге дайындалып жатырмыз.
Ұлан ауданында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Өткен жылы аудан көлемінде жетпіске жуық шара ұйымдастырылған. Оның басым бөлігі – экологиялық акциялар.
Бауыржан Бигалиев, Ұлан аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
2025 жылы 65 волонтерлік іс-шара өтті. Көбінесе ол экологиялық шаралар. Сенбіліктер, таза жағалау акциясы ұйымдастырылып, белсенді деген волонтерлеріміз ұйымдастырды. Осы семинардың ұйымдастырылуы дұрыс деп айтамын. Өйткені, біз өзімізбен жаңадан қатарымызға қосылып жатқан волонтерлерді алып келдік. Спикерлер волонтерлік не екені жайында дұрыс бағыт беріп, түсіндіріп жатыр.
Бүгінде өңір волонтерлері түрлі бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Еріктілер әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп, қоршаған ортаны қорғау және тазалықты сақтау бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруда.
Фатима Тілейханқызы