Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Құдайберген Базарбаевпен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық пен өңіраралық байланыстарды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Шығыс Қазақстан облысы мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас тек көршілес ғана емес, стратегиялық маңызға ие. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен Қырғызстанның сауда-логистикалық мүмкіндіктері бір-бірін толықтырып отыр. Екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық байланыстардың ауқымы кеңейіп, бірлескен жобаларға жол ашылуда. Мұндай ынтымақтастық іскерлік байланыстарды тереңдетіп қана қоймай, инвестициялық өзара іс-қимылды дамытуға және өңіраралық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Катонқарағайда бізде Мұзтау-Белухаға екеуін салыстырса екеуінің қатынасы бар. Будда өкілдері өте көп келеді. Төрт елдің ортасында тұр ғой тау, Ресей, Моңғолия, Қытай, Қазақстан бар. Өткенде Мемлекет басшымыз кездесуде Марқакөлден әрмен қарай Қанас көлі бар 115 км. Оған 10-12 млн адам келіп демалады.

Құдайберген Базарбаев облыстың інжу маржаны аталып кеткен Марқакөл және Катонқарағай аудандарында болғанын айтты. Ондағы өңірдің туристік әлеуетімен танысып, көз тоймас көрікті жерлерінің табиғатына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Қырғызстаннан тікелей өңірге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Құдайберген Базарбаев, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Сіздердің облыстарыңызға арнайы келдім, себебі мұны парызым деп білемін. Шығыс Қазақстан облысында бір жарым күн болсақ та, өңір әлеуетімен кеңінен танысып үлгердік.

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Қырғыз Республикасы арасындағы тауар айналымы 534 миллион АҚШ долларынан асты. 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 35%-ға өсті. Бұл ретте экспорт көлемі 360 млн доллардан асып, импорт шамамен 170 млн долларды құрады.

Аяулым Усинова