Глубокое ауданында сноуборд-кросс және шаңғы спорты бойынша жарыс өтті. Әуесқой спортшылар қатысқан додаға 70-тен астам қатысушы жиналды. Үздіктер қатарынан кімдер көрінді тілші баяндасын.

Глубокое ауданы әкімінің жүлдесіне арналған ашық біріншілік бірнеше кезеңнен тұрды. Дегенмен, басты назарда қауіпсіздік. Спортшылар алғашқы сәтте жұп-жұбымен жарысты. Мәреге бірінші жеткендер келесі кезеңге жолдама алды. Қатысушылардың арасында өзге аймақтан келген спортшылар да бар.

Болат Әлин, жарысқа қатысушы (Павлодар облысы):

Осындай жарысқа алғаш рет қатысуым. Бағымды сынап көрейін деп шештім. Шаңғы спортымен айналысқаныма жеті жыл болды. Павлодардан отбасымызбен бірге келдік. Шығыс Қазақстанның табиғаты әсем. Әр келген сайын жаңа қырынан танимын. Зайсаннан бастап, Марқакөл, Катонқарағай жерлерін араладым. Риддердің таулы аймақтарын талай бағындырдым. Мұндағы жаз мезгілі де тамаша.

Үміткерлердің жасына шектеу қойылған жоқ. Сондықтан жарысқа жеті жасар бала мен жетпістегі қарияға дейін қатысуға ниет білдірген.

Ержан Қырықбаев, жарысқа қатысушы (Өскемен қ.):

Мен 59 жастамын. Шаңғы спортымен көптен бері айналысамын. 50 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ жарысқа қатысу тәжірибем аз болғандықтан, осы жолы өз күшімді жинап келдім. Шаңғыда өзімді сенімді сезінемін, денсаулыққа да пайдалы. Жыл сайын жастардың саны көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады.

Көптің назары тау басынан құлдилаған сноуборд пен шаңғының шеберлерінде. Ұйымдастырушылар аталмыш жарыс арқылы азаматтардың спортқа деген қызығушылы артып, салауатты өмір салты насихатталады, дейді.

Александр Гончаренко, «Алтай Альпісі» ЖШС директорының орынбасары:
Сноуборд және шаңғы спорты бойынша жарыс қарқынды өтті. Неше күн қалың қар жауды. Дегенмен, доданың өтуіне ешқандай қиындық тудырмады. Биыл алғаш рет өз тәжірибемізге сүйене отырып, тек әуесқой спорштыларды таңдап алдық. Кәсіби спортшыларды, нұсқаушыларды қатыстырмадық. Мұндағы мақсат – сайыстың әділ өтуі.