Жаңа Конституция жобасы еңбек ұжымдарында кеңінен талқылануда. Бұл жолы «ОблШығысЖол» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесу өтті. Басқосуда құжаттағы еңбек адамының құқықтарын қорғауға қатысты нормалар жан-жақты түсіндірілді.

 «ОблШығысЖол» кәсіпорнында өткен кездесуде коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызына тоқталды. Әсіресе, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталған баптарға ерекше назар аударылды.

Әлия Мұқашева, «Respublica» партиясының ШҚОФ төрағасы:

Маңызы өте зор деп ойлаймын осы біздің қабылданатын Ата заңымыз. Сондықтан, әрбір мекеме, әрбір ұйым білуі керек өз тарапынан қандай мүмкіншілік бар? Қандай қорғау бар мемлекет тарапынан. Оны түсіндіру үшін 84-бап бойынша біз бөлініп, әр мекемеге барып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтып жүрміз.

Кездесу барысында қызметкерлерге әділ еңбекақы, қауіпсіз әрі санитарлық талаптарға сай жұмыс жағдайы, сондай-ақ кәсіподақтар арқылы өз мүдделерін қорғау тетіктері Конституциялық деңгейде бекітілетіні айтылды. Сонымен қатар ең төменгі жалақы, әлеуметтік төлемдер және еңбек адамының қадір-қасиетін қорғауға қатысты нормалар түсіндірілді. Жол саласы – үлкен жауапкершілікті, физикалық күш пен жоғары кәсіби дайындықты талап ететін маңызды сала. Сондықтан қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ еңбекақы және әлеуметтік кепілдіктердің Конституцияда нақты бекітілуі – әрбір жұмысшы үшін аса маңызды. Мемлекет адал еңбек еткен азаматқа үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Алтынай Аринова, Қазақстан заңгерлер одағының ШҚОФ төрағасы:

Жаңа Конституция – еңбек адамының құқығын қорғаудың берік негізі. Жаңа Конституцияның 86-бабы кепілдендірілген заң көмегін көрсету мәселесін қамтиды. Аталған нормаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына заңмен кепілдендірілген құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл нормада тек адвокаттар ғана емес, заң негізінде өкілдік етуге құқығы бар өзге де тұлғалар көрсетілген. Азаматтар тек адвокаттар ғана мүддені қорғай алады деген жаңсақ пікірде болмауы тиіс. Заң кеңесшілері, кәсіби медиаторлар, омбудсмендер – барлығы да заң аясында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқылы. Біз бұл норманы қоғамға дұрыс түсіндіруді маңызды деп санаймыз.

Кәсіпорын қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Олар үшін ең бастысы – еңбектің әділ бағалануы мен қауіпсіз жұмыс жағдайы. Мұндай кездесулер жұмысшы қауымның құқықтық сауаттылығын арттырып, Жаңа Конституция жобасының мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Фатима Тілейханқызы