15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық аясында еліміздің бірқатар өңірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Глубокое ауданының Солнечное кентінде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының еңбек ұжымымен және қызмет алушыларымен коалициясы мүшелері кездесу өткізді. Жиында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, әсіресе, әлеуметтік қорғау мен еңбек адамының құқықтарына қатысты нормалар кеңінен талқыланды.
Жаңа Конституция жобасы әлеуметтік әділеттілік қағидатын нақтылай түсті. Еңбек адамының құқығы мен қадір-қасиетін қорғау – әділетті мемлекеттің басты көрсеткіші. Әлеуметтік кепілдіктердің Конституциялық деңгейде бекітілуі – қоғам тұрақтылығының берік негізі.
Алтай Қалиғожин, өңірлік коалиция мүшесі:
Өздеріңіз білетіндей, 15-наурыз күні ҚР Президенті референдум күнін жариялады. Осыған байланысты ауданымызда «Аманат» партиясының төңірегінде арнайы штаб құрылды. Түсіндіру жұмыстарын аудан бойынша жүргізіп жатырмыз.
Кездесуде әлеуметтік қорғау – мемлекеттің тікелей конституциялық міндеті екені атап өтілді. Жаңа Конституция жобасында ең төменгі жалақының, зейнетақының, сондай-ақ жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамтамасыз етудің кепілдіктері нақты бекітілген. Бұл нормалар азаматтардың өмірлік қиын жағдайға тап болған сәтінде мемлекет тарапынан жүйелі қолдау алуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Жәнібек Шаянбаев, Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
Қазіргі уақытта орталығымызда 116 адам қызмет алады. Олардың ішінде 19 адам – денсаулығына байланысты паллиативтік бөлімшеде күтім алып жатқан мүгедектігі бар азаматтар. Орталықта 95 қызметкер еңбек етеді. Әр маман өз саласы бойынша қызмет алушыларға қажетті әлеуметтік, медициналық және тұрмыстық көмек көрсетеді. Мақсатымыз – осында тұратын жандарға жайлы жағдай жасап, сапалы қызмет ұсыну.
Еңбек адамдары үшін бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Яғни, негізгі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігі жеке адамның өзіне немесе отбасына емес, мемлекетке жүктеледі. Мұндай өзгерісті қарттар да қуана қабылдайды.
Тұрсын Құлсанова, Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы:
Ата Заңымыз өзгерісі қарапайым адамдардың жағдайлары жақсы бола ма деп ойлаймыз. Жастарға да көп нәрсе, өзгеріс тек қана жақсылық әкеледі деп ойлаймын. Кәрі болсақ та, елімізге тек қана жақсы жаңалық әкелетініне сенеміз.
Өңірде жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады.
Қымбат Иманғали