Өскеменде жеңіл атлетикадан Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Биыл он бірінші рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеге әлемнің 12 елінен спортшы келді. Тартысты додада атлеттер спринт, орта және ұзақ қашықтыққа жүгіру, кедергілер арқылы жүгіруден өзара кім мықтыны анықтады.

Биыл жарысқа Түркия, Шри-Ланка, Греция және Оңтүстік Африка сынды елдерден 120-дан астам спортшы қатысты. Сайыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, өңірде жеңіл атлетиканы дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің облысымызда жеңіл атлетика саласын дамытуға ерекше мән берілген. Бүгінле мыңнан аса біздің спортшыларымыз кәсіби, білікті әрі тәжірбиелі 50-ден аса жаттықтырушыларда дайындалуда. Қажырлы еңбектің арқасында өткен жылы ғана Токио қаласында өткен ХХV-жазғы сурдлимпиада ойындарында біздің жерлесіміз Фаина Мейрманова биіктікке секіруден рекорд жаңартып, сурдлимпиада чемпионы атанды. Әр спортшымыздың жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш, себебі олар бүгінгі жас буынға үлгі, ел мерейін асқақтатып жүрген нағыз чемпиондарымыз.

Бұл жарыс – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың бастамасымен қолға алынған ірі спорттық жобалардың бірі. Турнир World Athletics Indoor Tour сериясының Silver санатындағы кезеңіне кіреді. Сондықтан спортшылардың нәтижелері әлемдік рейтингке есептеледі. Бұл – жас атлеттер үшін халықаралық аренаға жол ашатын маңызды мүмкіндік.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:

Бүгінгі көңіл-күйіміз ерекше. Бұл қуатты бізге Михаил Шайдоров өз медалімен сыйлады. Сол жеңістің лебі баршаға жігер беріп, нағыз спорт мерекесінің шырайын кіргізіп отыр. Алда – ең маңызды сын, Азиада ойындары. Бүгінгі жалын мен жігер сол додада жарқырап, ел намысын асқақтатады деп сенемін. Сайысқа алыс жақын елдерден спортшылар келіп, қатысуда. Бұл да біз үшін үлкен құрмет.

Сайысқа қатысушылардың бірі – Нұрдәулет Медеубаев. Ол 2025 жылы U23 санаты бойынша 3000 метр қашықтықта ел чемпионы атанған. Жас атлет үшін бұл жарыс – тәжірибе жинап, халықаралық деңгейдегі қарсыластармен күш сынасуға үлкен мүмкіндік.

Нұрдәулет Медеубаев, сайысқа қатысушы:

Осы жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы осы турнирде жетінші орын алған болатынмын. Сол себепті осы жолы қайтадан келіп, өз өнерімді, бағымды тағы да сынамақшымын. Қазақстан аумағында үлкен бастамалар аз және Ольга Рыбпакованың осындай біріншілікке мүмкіндік бергені үшін бізге үлкен шабыт береді. Себебі Қазақстанда жоғарғы нәтиже беретін біріншіліктер өте аз. Бір қолдың саусағымен санарлық ғана жарыстар өтеді. Сол себепті осындай жоғарғы деңгейдегі сайысты ұйымдастырғаны біз үшін және жоғарғы деңгейдегі нәтиже көрсетуге мүмкіндік.

Бұл халықаралық турнир жыл сайын ауқымын кеңейтіп, өңір спортының дамуына серпін беріп келеді. Байрақты бәсекенің бас демеушісі – «Казцинк» ЖШС. Халықаралық жарыстың жалпы жүлде қоры 36 мың АҚШ долларын құрады.

Нұртас Қайролдаев