Конституциялық комиссия мүшесі Аяужан Әшімова жаңа Жаңа Конституция жобасы жөнінде ашық қоғамдық талқылау өткізді. Жиынға саяси партиялардың өңірлік филиалдары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар қатысты.
Кездесуді Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі ұйымдастырды. Отырыста республикалық референдум мен Конституцияның жаңа жобасы талқыланды. Қатысушылар партияларға халықтан түсіп жатқан сауалдарды ортаға салып, пікір алмасты. Сондай-ақ алдағы өзгерістерді қолдауға және түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысуға дайын екендерін жеткізді.
Алмаз Джакишев, «Байтақ» партиясының ШҚОФ атқарушы хатшысы:
9 бапта басқа да сонымен қатар, халықтың тілдерін дамытуға жағдай жасайды. Бізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады ғой. Халықтық Ассамблея емес енді Халықтық кеңес болады. Сол кісілердің өкілдері болады. Заң ұсынуға мүмкіндік алады, өзгертуге сыныстарын бере алады. Сол арқылыы біз басқа ұлттардың да құқығын қорғаймыз.
Болатбек Закимoв, ШҚО Қоғамдық кеңесінің цифрландыру комитетінің жетекшісі:
Жаңа Конституцияға сәйкес адвокат енді қатар жүргізілетін тергеу амалдарын жүргізіп, сараптама тағайындап, сотта құжаттарымен өз уәжін толық қорғауға мүмкіндік алады.
Конституцияға қатысты әркім ой бөлісті. Жиналғандар алдағы республикалық референдумның маңызын атап өтіп, құжаттағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен міндеттерін нақтылау, білім мен ғылымды дамыту бағыттары кеңінен сөз болды.
Анжела Горностаева, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:
Конституцияның кіріспесінде көрсетілген білім, мәдениет, инновация – ең басты құндылықтар. Сонымен қатар неке институтының маңыздылығын баса көрсетуі де дұрыс қадам деп санаймын.
Конституциялық комиссия мүшесі Аяужан Әшімованың айтуынша, түсіндіру жұмыстары қазірдің өзінде түрлі әлеуметтік топтар арасында жүргізіліп жатыр. Алайда халыққа ақпарат тарататын қоғамдық өкілдер құжаттың негізгі қағидалары бойынша ортақ ұстаным қалыптастыруы маңызды. Оның сөзінше, жоба адам құқықтары мен міндеттерін басты орынға қояды, сондай-ақ отбасы құндылықтарына ерекше мән береді.
Аяужан Әшімова, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрайымы, Конституциялық комиссия мүшесі:
Конституцияда отбасы құндылықтарына айрықша назар аударылған. Балаларға қамқор болу, оларды тәрбиелеу және ата-анаға жауапты түрде қарау – әр азаматқа ортақ маңызды міндет. Медициналық мекемелерде өткен кездесулерде дәрігерлер бұл норманы ерекше қолдады. Себебі олар кейде еңбекке жарамсыз немесе сырқат ата-анасына жеткілікті көңіл бөлмейтін жағдайлармен бетпе-бет келеді.
Жиында экология мәселесі де кеңінен қозғалды. «Байтак» партиясы өкілдерінің айтуынша, бұл бағыт Конституция жобасының кіріспесінде-ақ көрініс тапқан.
Рысбек Қасенов, «Байтақ» партиясының ШҚОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:
Жаңа Конституция жобасы– уақыт талабына сай құжат. Онда халық көтеріп отырған өзекті мәселелер кеңінен қамтылған. Өзгерістердің едәуір бөлігі экология саласына қатысты. Бұл мәселе біз үшін аса маңызды.
Кездесу қорытындысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге уағдаласты. Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер қоғам сұранысына жауап беріп, ел дамуының жаңа кезеңіне негіз болмақ.
Қымбат Иманғали