Цифрландыру мен жасанды интеллект бүгінде дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Олар басқару тиімділігін арттыруға, деректерді өңдеу үдерісін жеделдетуге және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуді ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің негізі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағыттағы жүйелі цифрлық трансформация Шығыс Қазақстан облысында да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Өңірде мемлекеттік органдар жұмысына интеллектуалды талдау жүйелері енгізіліп, шешім қабылдау сапасы мен жеделдігі артып келеді.

Бүгінгі таңда өңірде цифрландыру саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесінде.

Арнұр Сапарғалиев, облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:

Біздің мақсат – мемлекеттік органдардың жұмысын ашық ету, азаматтардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз жағдайға жеткізу. Осы мақсатта 2025 жылы өңірлік аналитикалық орталық құрылған, ол барлық деректерді біріккен жүйеге жинайды. Бұл орталықта алты негізгі бағыт бар, олар қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірінші бағыт – қоқыс шығаруды бақылау және жолдарды тазалау. Енді мердігерлердің жұмысына талдау жасай аламыз. Негізгі бағыттарды, арнайы техника қозғалысын цифрландырдық және фотоесептерді енгіздік. Бұл арқылы атқарылған жұмысты бірден көруге болады. Қазіргі таңда жүйеде 52 бірлік техника қатысып отыр. Бұл тұрғындарға не береді? Қоқыс алаңдарындағы QR код арқылы шағым қалдыра алады. Егер қар тазаланбаған немесе қоқыс шығарылмаған болса, бірден хабарласуға болады. Жүйе кестеден ауытқуларды байқайды. Сондықтан кемшіліктерді жасыру мүмкін емес. Мұндай тәсіл арқылы тұрғындар жұмыс сапасын қадағалай алады. Мердігерлердің жауапкершілігі артады.

Бұдан бөлек, жылу көздерін бақылау жүйесіндегі 23 нысанға датчиктер орнатылды. Олар нақты уақыт режимінде температура, қысым және жанармай қоры көрсеткіштерін қадағалайды. Ал жасанды интеллект ықтимал ауытқуларды тіркейді. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 6000-нан астам бейнекамера қосылған. Олардың бір бөлігі бейне сараптамамен қымтылған. Бұл жүйе тұлғаларды, көлікті тануға және күдікті әрекеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ауаның сапасы автоматтандырылған бақылау пункттері арқылы үзіліссіз қадағаланып отыр. Олар экологиялық параметрлерді тәулік бойы бақылауға алады. Осы шаралардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға, сондай-ақ қаланың инфрақұрылымы мен экологиялық ахуалын тұрақты қадағалауға бағытталған.

Арнұр Сапарғалиев – облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:

Біз «ақылды қалаларды» дамыту стратегиясын бекіттік. Бұдан бөлек, өңірде 2030 жылға дейінгі цифрлық трансформация картасы әзірленді. Бұл басқаруды заманауи, ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.

Облыстағы архив мекемелерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Сала мамандары, тегін қолжетімді онлайн-платформа әзірлеп жатыр. Сол арқылы оқулықтар, сирек кездесетін кітаптар мен құжаттарға қолжетімділік артады.

Сая Жарасқызы