Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» атты әлеуметтік жобаны іске қосты. Жоба аясында тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес ала алады. Бұл – әсіресе әуе немесе теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылар үшін аса маңызды.

Өскемен әуежайындағы кеңес көлік қауіпсіздігі, әкімшілік және еңбек заңнамасы, жолаушылардың құқықтарын қорғау бағыттарын қамтыды. Мамандар әрбір азаматқа жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты жағдай бойынша құқықтық көмек көрсетеді. Қабылдау ашық форматта, алдын ала жазылусыз өтеді.

Бақытжан Қалымбетов, Өскемен қ. әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы:

Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің бар мақсатымыз. Қоғамдық орында жолаушы заңмен бекітілген, тыйым салынған заттарды өзімен жолда алып жүру туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Есірткі заттары, алаяқтардың құрығына түсіп қалмау, жеке бас мәліметтерін ешкімге бермеуге, таныс емес адамдардан сәлемдеме алмасын деген авиациялық талаптарды қамтамасыз ету мақсатында үнемі осындай жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Жоба аясында кез- келген адам көлік қауіпсіздігі, еңбек және әкімшілік заңнама бойынша өз сұрағына жауап алып, заңгерлік көмекке жүгіне алады.

 «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында азаматтарды қабылдау әр аптаның сәрсенбі күндері Өскемен әуежайында жүргізіледі. Бұл бастаманы Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімімен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Нұркелді Ермаш, Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының аға прокуроры:

Біз тек мұнымен шектелмей, азаматтарға қылмыстың алдын алу бойынша түсіндіру шараларын жүргізудеміз. Оның ішінде заңсыз қаруды алып жүру бойынша. Өйткені, 2025 жылы заңсыз қаруды алып жүрудің 213 фактісі тіркелген. Соынмен қатар, жалған терроризм актісі бойынша да түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз.

Мамандар мұндай жобалар халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін айтады.

Фатима Тілейханқызы