Өскеменде жеңіл атлетикадан Шығыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты басталды. Жарыс екі күнге жоспарланған. Дүбірлі додада «Заң мен тәртіп» қағидаты кеңінен насихатталды. Бастама жас өрендер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

Қатысушылар 2004–2012 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер мен жастар санатына іріктелген. Додаға өңірдегі жалпы білім беретін және спорт мектептерінің оқушылары, колледж студенттерінен құралған 350-ге жуық спортшы қатысуда.

Богдан Весельский, ШҚО Жеңіл атлетика федерациясының басшысы:

Жарысқа елдің әр өңірінен келген спортшылар қатысуда. Жалпы саны 350-ге жуық қатысушы жиналды, жанкүйерлердің де қарасы қалың Осындай ауқымды шараның өтіп жатқанына қуаныштымын.

Чемпионат бағдарламасы ауқымды. Қатысушылар жүгіру, биіктікке секіру, ядро лақтыру, спорттық жүріс және эстафетадан өзара кім мықтыныт анықтайды. Облыс біріншілігінің салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар мен спорт ардагерлері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыста мектеп деңгейіндегі жеңіл атлетиканы дамытуға және жаңа таланттарды анықтауға ерекше көңіл бөлінген.

Сырым Балтабаев, жарысқа қатысушы:

Мен легкий атлетикамен 11 жасымнан бастап айналысамын. Қазіргі уақытқа дейін 1-ші разряд істегенмін. Қазір 3-ші взрослыйға бара жатырмын.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік атанғандар Шымкентте өтетін ел чемпионатына жолдама алады.

Аяулым Усинова