Облыста инвестиция тарту және жобаларды сүйемелдеу жұмыстары күшейтіліп жатыр. Өңірде инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жаңартылған алгоритмі енгізілді. Атап айтқанда, 107 млрд. теңгеден астам сомаға 23 инвестициялық жоба іске қосылды.
Бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жалпы құны 1 триллион 478 миллиард теңгені құрайтын 101 инвестициялық жоба тіркелген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен он мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Ирина Смит, ШҚО туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Биыл жалпыұлттық және өңірлік пулдарға қосымша 13,4 миллиард теңгеге бағаланған 18 жоба енгізілді. Бұл жобалар аясында шамамен 1600 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, бұл бастамадан 2 жоба алынып тасталды. Олардың қатарында Ұлан ауданындағы құс фабрикасы мен белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты Зайсандағы «СМУ Шығыс» компаниясы салған мектеп жобасы пулдан шығарылды.
Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін облыста ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі жетілдірілді. Енді инвестициялық жобаларды қалыптастыру қала мен аудан деңгейінен басталады. Жергілікті әкімдіктер салалық басқармалармен бірлесіп, ұсыныстар әзірлеп, жобаларды іске асыру шарттарын анықтайды. Одан кейін жобалар бастапқы талдаудан өтеді. Бұл кезеңде олардың жүзеге асу мүмкіндігі, инфрақұрылыммен қамтылуы және қала құрылысының талаптарына сәйкестігі бағаланады. Соңғы шешім «Өңірлік инвестициялық штаб» отырысында қабылданады. Жоба пулға енгізілгеннен кейін «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелденіп, оның жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болады.
Нұрсұлтан Бейсенов, Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары:
Көп меморандумдарға қол қойылды. Біз бір компаниямен біздің аудан әкімі меморандумға қол қойды. Ол – үлкен пантолечебница ашу жоспарлануда. Бізде білесіздер, ауылшаруашылығы, туризм, өндірістік зауыттар бойынша өте қолайлы аудан. Инвесторлармен жұмыстар атқарып жатырмыз.
Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда. Бұл мәселе Өңірлік инвестициялық штабтың отырыстарында жүйелі түрде қаралады. Осыған байланысты бекітілген кестеге сәйкес алдағы уақытта қала мен аудан әкімдіктері инвестициялық бастамалардың іске асу барысы жөнінде есеп береді.
Фатима Тілейханқызы