Зайсан ауданында 64 отбасы баспаналы болды. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімі Айнабұлақ, Қаратал, Қарабұлақ және Дайыр ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Жаңа қонысқа көп балалы аналар, әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар ие болды.
Зайсан ауданында биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында ауылдық округтерде жаңа үйлер салынып, ондаған отбасы көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Жаңа баспаналардың іші жылы, еңсесі биік. Тұрғын үйлер толық газ, су, кәріз жүйесімен қамтылған.
Нұрғайни Қабидолдина, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясатының арқасында, облыс әкімінің арқасында «бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында окургтеріңізде жаңа баспаналы болғалы отыр отбасылар. Баспаналы болған отбасыларды құттықтаймыз. Дендеріңіз сау болсын. Сол жаңа үйдің ішінде өніп өсіп, Қазақстанымыздың білімді, білікті азаматтары мен азаматшаларын тәрбиелеп, өсіріп шығарады деген сенімдеміз.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл Айнабұлақ ауылында 12 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Көптен күткен баспанаға ие болған тұрғындар үшін бұл – тек үйлі болу ғана емес, жаңа өмірдің бастауы дейді аудандық мәслихат депутаты Ризабек Шәкенұлы.
Ризабек Шәкенұлы, Зайсан аудандық мәслихатының депутаты:
Жалпы үш жылдан бері ауылымыз қарыштап дамып келеді. Округ бойынша 44 пәтер, 34 пәтер Айнабұлақ ауылының өзінде салынып, көп балалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілді. Үйге қоныстанған отбасыларда шек жоқ. Бұл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан, халық үнін еститін үкімет қағидаты негізінде облыс әкімі Нұрымбет Аманұлының бір қабатты шығыс бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосуда. Жалпы біздің ауылымыз ғана емес Зайсан ауданында 96 пәтер салынып, халық қызығын көріп қоныс тойларын тойлап жатыр.
Үйлі болғандардың бірі – Перизат Базарбекова. Көп балалы ана үшін бұл баспана – жылдар бойы күткен мереке. Перизат Базарбекова кең әрі жарық үш бөлмелі баспананың иесі атанды.
Перизат Базарбекова, Айнабұлақ ауылының тұрғыны:
Бір қабатты шығыс бағдарламасы аясында үйлі болып жатымыз. Қуаныштымыз. Үйдің іші жарық, барлығы жақсы. Суы тартылған, кәріз жүйесі барлығы тартылған. Балаларымызбен қуанып жатырмыз.
Бұдан бөлек, үш мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақ ауылында да қоныс тойы тойланды. Мұнда биыл 18 пәтердің кілті табысталып, бірқатар отбасының баспана мәселесі шешімін тапты.
Айдар Итжанов, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі:
2023 жылы біз ауылымызда 7 тұрғын үй бергенбіз 91 кв.м. 2024 жылы 8 тұрғын үй бердік. Биыл 9 үй 18 пәтер беріп жатырмыз халыққа. Көп балалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылар мен группадағы кісілерге.
Жаңа үйлердің сапасына мердігер компания ерекше мән берген. Құрылыста берік әрі заманауи материалдар қолданылып, әр нысан белгіленген талапқа сай салынған. Үйлердің жылу сақтау қабілеті жоғары, ішкі инфрақұрылымы толық шешілген. Жобада пәтер көлемі де ескерілген. Бір бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналса, енді бірі көп балалы жанұяларға бейімделіп салынған.
Бекзат Смекенов, мердігер:
Үйлеріміз жоғарғы деңгейде салынған. Полистеролбетон, сырты ақ кірпіш. Газы, суы барлық жағдайы жасалған. Кәріз жүйесі толығымен жұмыс жасап тұр. Қазіргі заман талабына сай қылып салдық. Квадратурасы екі түрлі. Біріншісі 70 квадраттық ол әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға. Екіншісі 85 кваттық ол көп балалы ата-аналарға салынған.
Үйлі болғандардың арасында жасы тоқсанға таяған қария да бар. Қарабұлақ ауылының тұрғыны Жамария Төлепбергенова үшін бұл – өміріндегі ерекше сәттердің бірі. Ғасырға жуық ғұмырында талай кезеңді бастан өткерген әже бүгінде жаңа баспананың табалдырығын аттап, қуанышқа кенелді. Бұл – мемлекет қамқорлығының нақты көрінісі ғана емес, үлкенге деген құрметтің де айғағы.
Жамария Төлепбергенова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
Үй бергендеріңе барлығына рахмет. Еске алып жанқандарына. Өзім міне 90 келіп отырмын.
Зайсан ауданында жүзеге асқан «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы – тұрғындардың баспана мәселесін шешумен қатар, ауылдық округтердің әлеуметтік дамуына тың серпін беріп отыр.
Нұртас Қайролдаев