Алтай ауданында Наурыз мейрамы аталып өтті. Мәдениет үйінің алды үлкен мерекелік алаңға айналып, киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Мерекенің басты шараларының бірі – «Ең ұзын бұрым» байқауы болды. Сайыста шашының ұзындығы бір жарым метрге жуықтайтын ару бас жүлдені иеленді.

Алаңда жаңа піскен бауырсақтың иісі, шаттыққа толы күлкі, көктемгі күн шуағы – мерекелік атмосфера қалыптастырды. Мерекелік жиынға жүзден астам адам жиналды. Балалар мен ересектер ұлттық ойындарға белсене қатысты. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, мерекелік бағдарламалар барлық ауылдық округтерді қамтыды.

Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:

Қазіргі таңда Алтай қаласының орталығында 8 киіз үй құрылды. Әрбір отбасылар, қызметтік ұжымдар ұлттық киімдерімен келіп, шараға қатысып отыр. Сондай-ақ, ауданымыздың кәсіпкерлерімен бірлесіп, бірсыпыра конкурстарды өткіздік.

Мерекелік бағдарламада «Заманауи үлгідегі ұлттық киім», «Наурыз аруы» және «Ең ұзын бұрым» байқауларына ерекше көңіл бөлінді.

Евангелина Степанова, «Ең ұзын бұрым» байқауының жеңімпазы:

 «Ең ұзын бұрым» байқауына шамамен 15 бұрымды қатысты. Менің бұрымымның ұзындығы – 136 см. Шашымды туғаннан бері өсіріп келемін, бірақ анда-санда қысқартып, қиып тұрамын. Байқауға қатысқаныма қуанамын. Сыйлыққа ұялы телефон берді.

Жиналғандар қазақтың қара шаңырағы саналатын киіз үйдің құрылымымен танысып, ұлттық дәстүрлерден сыр шертетін көрмелерді тамашалады. Соның бірі – ұстаздар мен оқушылар дайындаған «Болашақтың киіз үйлер қалашығы» атты жоба.

Гаухар Қабылбаева, Алтай қаласының тұрғыны:

Наурыз мерекесі өте жақсы өтіп жатыр. Барлығы жақсы көңіл күйде. С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектебінің киіз үйі құрылған осы жерде. Жуықта мектепте шежіре үйірмесі ашылды. Сол үйірмеде оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, соның нәтижесінде үйріме жұмыс жасап жатыр. Сол үйірмеде жасалған барлық заттарды осы киіз үйге әкелдік. Барлығын мерекемен құттықтаймын! Мол табыс, қуаныш тілеймін.

Наурыз – дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, халықты бірлікке шақыратын ең жылы мерекелердің бірі. Алтай ауданындағы Наурыз мейрамы достық пен татулықтың, бірлік пен берекенің жарқын көрінісіне айналды.

Фатима Тілейханқызы