Наурыз мейрамы Риддер қаласында кең көлемде аталып өтті. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар өтті. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік сайыстарға қатысты.
Таңсәріден бастап қала тұрғындары орталық алаңға жиналып, көктем мерекесін қарсы алды. Мұнда жәрмеңкелер, ойын алаңдары мен қойылымдар ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыптармен танысып, мерекелік атмосфераны сезінді. Алаңда қуаныш, шаттық, ерекше көңіл-күй орнады.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл күн халқымыздың рухани қазынасын, салт-дәстүрін, адамгершілік құндылықтарын жаңартатын айрықша мереке. Халқымыз бұл мерекені ұрпақтар сабақтастығы деп қадірлеген. Бүгінде сол асыл дәстүр жалғасып келеді.
Наурыз мерекесіне орай қалалық әкімдіктің бастамасымен «Қазыналы сандық» акциясы ұйымдастырылды. Бұл шара қатысушылар үшін күтпеген тосын сый болды.
Айна Хасенова, Риддер қ. орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:
Бұл негізінен 1000 сыйлық болу крек болатын. Екі жүзден астам бала қатысты. Соның 170-і толық дұрыс жауап берді. Бүгін сол балаларға сыйлықтарын беріп, марапаттаймыз. Негізі акцияның сұрақтары қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты сұрақтар болған.
Мерекелік бағдарлама аясында спорттық жарыстар да өтті. Қала тұрғындары қол күрес, арқан тарту және түрлі ойындар мен эстафеталарға қатысты.
Иван Мягков, Қол күрестен спорт шебері:
Өзім армрестлингтен спорт шеберімін, Әлем кубогының жүлдегерімін, Азия чемпионымын. Қатысушылар өте көп, жүлделі орындарға арнайы сыйлықтар қарастырылған. Барлығы қарқынды дайындалған.
Гір тасын көтеру жарысына қатысқан ең жас қатысушысы – Ерсұлтан Серіков. Ол алаңда өз шеберлігін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ерсұлтан спортпен кішкентайынан айналысады. Бүгінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Ерсұлтан Серіков, Гір спорты бойынша облыс чемпионы:
Мен гір спортына 2 жылдан көп қатысамын. Осы Риддер халқына келгеніме қуаныштымын. Тренерім әкем. Ешқайда бармағанмын. Әкем үйреткен барлығын. 4 килограммнан бастағанмын. Қазір 8 кг дейін.
Риддердегі Наурыз мерекесі жас пен қарияны, ұлт пен ұлысты бір алаңға біріктірді. Қала тұрғындары мерекелік шараларға белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Мереке танымал өнерпаздардың қатысуымен өткен жарқын концертке ұласты. Қала тұрғындары уақыттарын көңілді өткізіп, мерекелік кештен керемет әсер алды.
Фатима Тілейханқызы